Халықаралық шаңғышы журналистер Алматыда SCIJ клубының жыл сайынғы отырысына жиналды

Шымбұлақ пен Kazakh Tourism бірлесіп 150 халықаралық журналистті қабылдады.

Алматыда Шымбұлақ тау шаңғы курортында SCIJ (The Ski Club of International Journalists) Халықаралық шаңғышы журналистер клубының 69-шы отырысы ашылды. Биыл Қазақстан ұйымдастырушы ел ретінде әлемнің 30-ға жуық елінен 150 журналисті қабылдауда. Жиынды Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев ашты.

«Бүгін сіздерді ерекше іс-шара - Халықаралық шаңғышы журналистер клубында қарсы алуға қуаныштымыз. Бұл шара түрлі елдердің кәсіпқойларын біріктіру үшін ғана емес, сонымен қатар еліміздің керемет жерлерімен танысуға бірегей мүмкіндік беру үшін жасалған», - деді вице-министр.

Наурыздың 3 мен 10 аралығында қатысушылар үшін тау шаңғы бойынша жаттығулар мен жарыстар, кәсіби тақырыптардағы пікірталас, пайдалы кездесулер және Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық тағамдарымен танысу өтеді. SCIJ кезекті кездесуінің бас серіктесі – «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы. Шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шымбұлақ тау курортының 70 жылдығы аясында өтуде.

Клубтың жыл сайынғы отырыстары халықаралық журналистер қауымдастығының нығаюына септігін тигізіп қана қоймай, ел туризмінің дамуына да әсер етеді. Сондықтан әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қарсы алу арқылы Қазақстан өзін перспективті тау-шаңғы бағыты ретінде көрсетуге мүмкіндік алды. Мұны «Kazakh Tourism» басқарма төрағасының орынбасары Даниель Сержанұлы да қонақтарды құттықтау сөзінде атап өтті.

«Ұлттық туристік компания ретінде біз халықаралық журналистердің назарына еліміздің кереметтерін паш ету құрметіне ие болдық. Бұл басқосу елімізде және одан тыс жерлерде қысқы туризмді дамытуға зор үлес қосады деген сенімдеміз. Осы іс-шара барысындағы идеялар, тәжірибе мен білім алмасу Қазақстанның қысқы спорт түрлері мен туризмінің болашағын қалыптастыруға тұрақты түрде әсер ететіні сөзсіз».

Өз кезегінде «Шымбұлақ» компаниялар тобының бас директоры Ринат Әбдірахманов шараға қатысушы журналистерді қабылдау демалыс орны үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.

«Біз 2013 жылдан бері он жылға жуық SCIJ клубының мүшесі болғанымызды мақтан тұтамыз. SCIJ клубы мүшелерінің жыл сайынғы дәстүрлі кездесулері әлемнің ең керемет тау курорттарында өтеді. Сіздерді қатысушы журналистеріміздің екінші үйіне айналған Шымбұлақ баурайында қабылдауға қуаныштымыз. Бұл кездесуге біз көптен бері дайындалдық, сол үшін сіздерді осында көріп тұрғанымызға ризамыз. Мамандарымыз ең қолайлы жолдарды дайындау үшін көп жұмыс жасады. Енді шаңғы жарыстары үшін ауа райы қолайлы болады деп үміттенеміз», - деп түйіндеді Р.Әбдірахманов.

Қазақстанның SCIJ-дегі тарихы 2012 жылдан бастау алады. Сол жылы еліміз Түркиядағы клубтың жыл сайынғы отырысына қонақ ретінде алғаш рет қатысқан болатын. Ал 2013 жылдан бастап үш адамнан тұратын қазақстандық команда Италияда өткен жиында SCIJ-ке ресми түрде қабылданды. SCIJ Kazakhstan клубы құрылғаннан бері 10 жыл ішінде қатысушылар саны 48 адамға дейін өсті.

Қазақстандық клубтың негізгі мақсаты – белсенді өмір салтын насихаттау, журналистерді, және олар арқылы халықты қысқы спорт түрлеріне тарту, халықаралық аренада Қазақстанның туристік әлеуетін насихаттау, сондай-ақ қатысушы-журналистердің бұқаралық ақпарат құралдарында еліміздің жетістіктері туралы ақпарат беру: .


__________________________________________________________________
*SCIJ халықаралық шаңғышы-журналистер клубы өз жұмысын 70 жылға жуық атқарып келеді, әрі 31 елдің 3 мыңнан астам журналистерін біріктіреді. Клубтың президенті канадалық Фредерик Уоллас, ал бас хатшысы бельгиялық Бруно Шмитц. SCIJ 1955 жылы қырғи-қабақ соғыстың қызған шағында құрылды. Клубтың негізін қалаушы, Куршевельдің тумасы, шаңғышы әрі журналист Жиль де Ла Рок үкіметтер арасындағы келіспеушілік журналистер мен спортшылардың еркін қарым-қатынас жасауына кедергі болмауы керек деген идеяны алға тартты. Кейіннен бұл SCIJ ұранына айналды. Нақтырақ айтқанда, клуб кәсіби және спорттық мүдделерге негізделген журналистер арасындағы байланыстар мен өзара әрекеттесуді кеңейтуге ықпал ететін болды.

Сол жылдан бері клуб мүшелерінің дәстүрлі кездесулері жыл сайын әлемнің ең таңдаулы тау курорттарында өткізіліп келеді. Қазірдің өзінде шаңғышы журналистерді 74 ел қабылдады. Соңғы жылдары кездесулердің ұйымдастырушылары Baqueira-Beret пен Италиядағы Sestriere курорттары, Франциядағы Val Cenis Vanoise және Val d’Arly, Ресейдегі Роза Хутор және Болгарияның Пампорово курорттары болды. 2023 жылы клубтың кезекті отырысы Канадада Marble Mountain шипажайында өтті, онда Қазақстанның 2024 жылдың наурыз айында Шымбұлақ курортында SCIJ клубының отырысын өткізу құқығы бекітілді.

Достарыңызға айтыңыз: