Қазақстан мен Өзбекстан ортақ туристік кеңістік құру жолында: «Kazakh Tourism» және Өзбекстанның «Ұлттық PR-орталығы» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Өзбекстан ортақ туристік кеңістік құру жолында: «Kazakh Tourism» және Өзбекстанның «Ұлттық PR-орталығы» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

АЛМАТЫ, ҚАЗАҚСТАН 2026 жылғы 22 сәуір. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестікті жоспарлы түрде нығайту аясында KITF 2026 «Туризм және Саяхат» 24-ші Қазақстандық халықаралық көрмесінің алаңында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ мен «Ұлттық PR-орталығы» ММ (Өзбекстан) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат тараптардың Орталық Азияда біртұтас туристік кеңістік құру және Жібек жолы бағыттарын бірлесе ілгерілету жөніндегі ниеттерін бекітеді.

Бұл құжатқа қол қою мемлекет басшылары айқындаған стратегиялық жақындасу бағытының қисынды жалғасы болды. Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 15 қарашада Ташкентте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өнеркәсіп, логистика және туризм салаларындағы 7 ауқымды бірлескен жобаны іске қосуға рұқсат берген болатын. Туризм саласындағы негізгі тетік ретінде өңірге шетелдік қонақтарды тартуға бағытталған 2026–2027 жылдарға арналған Іс-қимыл жоспары бекітілді. Жаңа Ташкенттегі «Астана» қонақүй кешені мен Қазақстан астанасындағы «Ташкент» қонақүйінің құрылысын бастау сала үшін ерекше маңызға ие. Бүгін қол қойылған меморандум осы және басқа да инфрақұрылымдық жобаларды өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерімен және тұрақты туристік ағынмен қамтамасыз етуге бағытталған.

Меморандум аясындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары:

«Kazakh Tourism» мен «Ұлттық PR-орталығы» қол қойған құжат елдер арасындағы саяхатты жеңілдету үшін бірқатар нақты қадамдарды жүзеге асыруды көздейді:

·                 Логистиканы жеңілдету: Тараптар ресми туроператорлардың туристік автобустары үшін мемлекеттік шекарадан басымдықты (кезексіз) өту мүмкіндігін қарастырады.

·                 Маршруттарды дамыту: Екіжақты теміржол круиздерін іске қосуға және Жібек жолы бойымен біртұтас турпакеттерді қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.

·                 MICE-туризм және іс-шаралар: Екі елде өткізілетін іскерлік іс-шараларға (MICE) қатысушылар үшін турлар қалыптастыру тетіктерін әзірлеуге жәрдемдесу, сондай-ақ ірі халықаралық шараларды өткізуге бірлескен өтінімдер беруді үйлестіру.

·                 Кәсіби тәжірибе алмасу: Ынтымақтастық медициналық туризм, кадрларды даярлау және туристік ағындарды статистикалық есепке алу тәсілдерін үйлестіру салаларын қамтиды.

·                 Маркетинг: Орталық Азияның туристік брендін әлемдік нарықта ілгерілету бойынша бірлескен науқандар жүргізу жоспарлануда.

Қол қою рәсіміне орай «Kazakh Tourism» Басқарма төрағасы Талғат Газизов өңірдің жоғары әлеуетін атап өтті:

«Бүгінгі таңда Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азияға келетін барлық туристердің жартысынан астамын қабылдап отыр. Біз трансшекаралық маршруттарға деген сұраныстың артып келе жатқанын көріп отырмыз. Біздің ортақ міндетіміз – саяхатшылар үшін көзге көрінбейтін кедергілерді жою және Ташкентке ұшып келген турист Түркістанға немесе Астанаға сапарын кедергісіз жалғастыра алатындай қолайлы жағдай жасау».

Меморандум аясындағы бірлескен жұмыс екі елдің ресурстарын біріктіруге, өңірлік туризмді сапалы жаңа деңгейге көтеруге және Орталық Азияны әлемдік картадағы ең тартымды бағыттардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.




Анықтамалық ақпарат:

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ Қазақстанның туристік әлеуетін шетелде ілгерілету және салаға инвестициялар тарту функцияларын орындайтын ұлттық компания.

Өзбекстан Республикасы Туризм комитеті жанындағы «Ұлттық PR-орталығы» ММ – Өзбекстанның туристік брендін кешенді ілгерілетуге жауапты ұйым.

Достарыңызға айтыңыз: