ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ: ЖАСТАРДЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ МЕН ШЕШІМДЕРІ
«Азамат» интеллектуалды бағдарламасының кезекті шығарылымында ішкі туризм мәселелері мен оны дамытудың тиімді жолдары талқыланды. Эфир барысында екі университеттің студенттері пікірталасқа түсіп, нақты ұсыныстар мен шешімдерді ортаға салды.
Бағдарламаға Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті мен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері шығып, салаға серпін беретін нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Қарағандылық студенттердің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда ішкі туризм тұрақты өсім көрсетіп отыр. Олар шетелдік туристер үшін этнотуризм – яғни, көшпенділер өмірін танытатын бағыттар, киіз үйде тұру, атқа міну секілді форматтарды дамыту қажет екенін айтты.
Атырау университетінің студенттері сыртқы туризм арқылы сыртқа кетіп жатқан қаржыны ел ішінде ұстаудың жолдарын ұсынды.
Қазылар алқасының шешімімен жеңіс Атырау университетінің командасына берілді. Олар ішкі туризм мәселесіне жүйелі көзқарас танытып, нақты деректерге сүйенген, жүзеге асыруға болатын тың бастамаларымен ерекшеленді. Пікірсайысқа «Qazaq Debate» қозғалысының құрылтайшысы Ерболат Мұхамеджан, ішкі туризм саласының сарапшысы Алмас Маратұлы және Халықаралық пікірсайыс оқыту қауымдастығының Қазақстан бойынша үйлестірушісі Уалихан Тұрарбекұлы төрелік етті.