Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының "Болашаққа жаңа көзқарас" атты қысқы және тау туризмі дүниежүзілік  11-ші конгресіне қатысты. Іс-шара Андорра-ла-Велья қаласында өтті және карантин шараларын жаппай жеңілдету аясында жаһандық туристік ағындарды қалпына келтіруге арналды. Форумның пікірталас сессиясында сөйлеген сөзінде министр Қазақстандағы туризмді дамытудың жоғары әлеуеті туралы айтты. Атап айтқанда, Дәурен Абаев келесі аспектілерге тоқталды.

Біріншіден, осы жылы авиарейстермен келетін 74 мемлекеттің азаматтары үшін визасыз режим қалпына келтірілді. Сондай-ақ, вакцинация паспорттарын өзара мойындайтын шет мемлекеттердің азаматтары үшін ПТР тестін ұсыну талабы жойылды. Бұдан басқа, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, визасыз елдердің тізімін 100-ге дейін кеңейту және тағы басқа жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Екіншіден, саланы цифрландыру. Осы бағыт шеңберінде мемлекет әртүрлі онлайн платформалар мен танымал әлеуметтік желілердің ресурстарын, сондай-ақ әлемге әйгілі ақпараттық порталдар алаңдарын пайдаланады. Осындай шешімдердің бірі шетелдік туристерді орналастыру орындарында есепке алу бойынша "Қазақ туризм" ұлттық компаниясы әзірлеген E-Qonaq өнімі екенін атап өту қажет. Іс жүзінде, E-Qonaq қазір көші-қон органдары үшін өзекті ақпаратты ұсынады және нақты уақыт режимінде туристер үшін статистикалық мәліметтерді ұсынады. Бүгінгі таңда E-Qonaq жүйесі республикалық маңызы бар 3 қаланы және 14 облыс орталығын қамтиды.

Үшіншіден, инфрақұрылым мен жол бойындағы сервисті жақсарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, МЖӘ желісі бойынша жобалар іске асырылып, инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасалуда. Мысалы, мемлекет тау шаңғысы курорттарын салу кезінде кәсіпкерлерге шығындардың 25% - ын өтейді.

Төртіншіден, министрдің айтуынша, туристік нарықты оқыту және оның құзыретін арттыруда жұмыстар атқарылып келеді. 2021 жылы үш мың адам семинар, тренинг, онлайн курстардан өтті, оның ішінде туристерді қабылдағысы келетін 500-ге жуық ауыл тұрғыны бар. 2020 жылдан бастап Түркістан қаласында бейіндік халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті жұмыс істей бастады, онда жеті бағыт бойынша 1 300-ден астам студент оқиды.

Алқалы жиында Дәурен Абаев Қазақстанның тау-шаңғы жүйесінің жүрегі - Алматы кластері екенін атап өтті. Оның айтуынша, мегаполистің дамыған инфрақұрылымы мен қолайлы табиғаты туристерді, альпинистерді, тау шаңғышыларын өзіне тартады. Сырғанау маусымы жарты жылдан аса мерзімге созылады. Жыл бойы дерлік күн шуақ шашып тұрады. Жылына 10 метрге дейін жауын-шашын жауады. Ал рельеф биіктігі 900-1000 м болатын шаңғы трассаларын салуға мүмкіндік береді.

Достарыңызға айтыңыз: