Ақтауда Халықаралық туристік компаниялардың көшбасшылары бас қосты
 
Бүгін, 28 наурызда Халықаралық туристік компаниялардың көшбасшылары Ақтауда бас қосып, өңірдегі туризм саласын  дамытуды талқылады, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Каспий жағалауындағы басқосуға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, Түркия, Германия, Кувейт, БАӘ, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Грузия және Қазақстанның ірі және халықаралық туроператорлары қатысты. Сондай-ақ, жиында Маңғыстау облысының туризмін дамыту мәселесі талқыланып, жаңа чартерлік рейстерді ашу мәселелері пысықталды. Шара мақсаты өзара ынтымақтастық үшін халықаралық туристік компаниялардың назарын аударып, туризмді дамыту.

Кездесуде Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының туристік әлеуеті және Tetysblu Aktau жобасы таныстырылады. Жоба бойынша демалыс аймағында халыққа қолжетімді болатын тақырыптық ойын-сауық паркі, отбасылық демалыс үшін судағы, жердегі және әуедегі аттракциондар салынған. Демалыс аймағында субұрқақ, мейрамхана, фудкорт пен азық-түлік дүңгіршектері орналасқан. Мұнда шамамен күніне 4,5 мың адам келеді деген жоспар бар. Орталық  жанында гольф-клуб пен 300 нөмірлі гольф-отель бой көтерген. 

Аймақ басшысы туризм кластерін дамыту тек Маңғыстау өңірінің ғана емес, ел экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі екенін айтты.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай әр өңір өзінің ерекшелігіне сәйкес туристік саланы дамытып жатыр.  Біз өз тарапымыздан келген туристтердік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жүріп тұруына жағдай жасап, Маңғыстауда өткен күндері есте қалуы үшін барлық жағдайды жасайтынымызды қаперіңізге береміз. Маңғыстау көп елдерде кездесе бермейтін жер қыртыстары мен таң қалдыратын пейзаждар, Қазақстанның қақпағы саналатын Каспий теңізіміздің жағасын пайдалану ол біздің үлкен мүмкіндігіміз деп түсінеміз және осы бағытта жұмыстанамыз,- деді Нұрлан Ноғаев.

Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Маңғыстау облысында туристердің барлық санаты үшін түрлі туристік өнімдер шоғырланғанын атап өтті.  .

-  Маңғыстау жағажай туризмінің жоғары әлеуетімен қатар, демалушыларға шытырман оқиғалы, мәдени, рухани және басқа да турларды ұсына алады.  Биылдан бастап 74 елдің азаматтары үшін визасыз режим толығымен жаңартылды. Осы тізімді кеңейту және оны 100 елге дейін ұлғайту мәселесі бүгінде пысықталып жатыр, -деді Ержан Еркінбаев.

Айта кетсек, өткен жылы облысымызға 225 560 турист келген. Оның 9000 мыңға жуыға шетелдік саяхатшылар. Биыл да өңірімізге 225000 турист келеді деген жоспар бар. 

Жалпы облыста  2022-2025 жылдары аралығында туризм саласын дамыту бойынша 16 инвестициялық жоба  іске асырылмақ.
Достарыңызға айтыңыз: