21 шілде, 2022 жыл – АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Дипломатиялық өкілдігі «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, «Атамекен» ҚР ҰКП бірлесе отырып, Нұр-Сұлтан қаласындағы Astana Hub орталығында өткен баспасөз мәслихатында BORN NOMAD POWER AWARDS 2022 байқауының басталғанын ресми түрде жариялады.

  

Айка Әлемі, BORN NOMAD директоры:

BORN NOMAD POWER AWARDS 2022 — «Born Nomad Power» жобасының жалғасы, қолөнершілер мен шығармашылық сала өкілдеріне өздерін көрсетуге, жобаларын коммерцияландыру бойынша қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін байқау. BORN NOMAD POWER AWARDS 2022 қазақстандық өнімді экспорттық нарықтарда ілгерілету, сондай-ақ, қазылар алқасының мүшелерінен, яғни, кәсіпқойлардан, сарапшылардан, қолөнер, дизайн, сән, туризм және шығармашылық салалардағы мамандардан құнды кеңестер алу мен идеяларға қолдау табу мүмкіндігін береді.

 

BORN NOMAD POWER AWARDS 2022 — Born Nomad компаниясының қолөнершілерді қолдау және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған жобасының төрт бөлігінің бірі, ол сонымен қатар тренинг бағдарламасын, фестиваль мен форумды қамтиды. Байқау қолөнершілерге, шығармашылық сала өкілдеріне өзін танытуға, талантты, идеяны коммерцияландыруға және оларды қазақстандық және экспорттық нарықтарда, маркетплейсті өнімді әрі қарай жылжытуға және сатуға тартуға, сондай-ақ қазылар алқасының мүшелерінен, яғни, қолөнер, дизайн, сән, туризм және шығармашылық индустрия саласының кәсіпқойлары, сарапшылары және инсайдерлерінен құнды кеңестер алуға мүмкіндік береді. Біз үшін қолөнер жәй кәдесый емес, ол – үлкен бизнес, кәсіпкерлік, экономика, жұмыс орындары, салықтар, экспорт, елдің ішкі жалпы өнімін жасауға, халықтың табысын арттыруға және кедейшіліктен шығуға үлес қосатын өнер».

«Ошақ қасында отырып, бала өсіріп, қолөнермен айналысатын аналарға, үй шаруасындағы әйелдерге қолдау көрсететін кез келді. Өйткені, қолөнер ақша табудың жақсы стратегиялық құралы, тек біраз көмек көрсетілсе, мәселен, жақсы жетелейтін ұстаз немесе менторды көрсетіп, бизнес және маркетинг сияқты салалардан білім алу компонентін қосу арқылы көмектесу керек», - деп қосты «Бақытты отбасы» әйелдерге арналған ақпараттық-кеңес беру орталығының басшысы, «Алтын сапа» сыйлығының иегері, биылғы байқаудың серіктесі Ырза Тұрсынзада.

 

«BORN NOMAD» жобасын 2021 жылдың маусым айында АҚШ Елшілігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ExxonMobil және Chevron компанияларымен бірлесе жүзеге асырған болатын. Ол Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы сауда қарым-қатынастарды құру үшін қолөнершілер, саудагерлер және салалық тараптар арасындағы кәсіпкер әйелдерге арналған онлайн платформаны дамытуға көмектесу үшін әзірленген.

 

«АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігі инновациялардың, жұмыс орындарын құрудың және инклюзивті экономикалық өсудің маңызды көзі ретінде әйелдердің рөлін зор деп таниды және өсіп келе жатқан нарық күші деп санайды. Шығармашылық – таланттар мен дағдыларды дамыту арқылы жұмыс орындардың пайда болуына ықпал ететін сала. Сондықтан АҚШ үкіметі мұндай іс-шараларды қолдауға әрдайым ниетті», - деп атап өтті өз сөзінде Қазақстандағы АҚШ Дипломатиялық өкілдігінің мәдениет бойынша атташесі және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы қызметін атқарушы Эмбер Ора.

 

Биыл «Born Nomad» жобасының директоры Айка Әлемі және ҚР ҰКП «Атамекен» жаңа серіктес «Kazakh Tourism» ҰК АҚ-мен бірлесіп жобаны басқаруды қолға алады.

 

«Мемлекеттің қолөнерді, сондай-ақ бүкіл шығармашылық саланы дамытуға қолдау көрсетуге ниеті зор. Бүгінгі байқау, алдағы форум, құрылып жатқан қолөнершілер орталығы – заңнамалық өзгерістерден бастап, шығармашылық адамдарды қолдаудың нақты шараларын енгізуге дейінгі қыруар жұмыстың бір бөлігі ғана», - деді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы АҚ-ның басқарма төрағасы Аманбаев Талғат Жолдымұратұлы.

 

Биыл BORN NOMAD POWER AWARD 2022 байқауы келесі номинациялар бойынша өтеді:

   ⁃ Дәстүр

   ⁃ Инновация

   ⁃ Қолөнерші

   ⁃ Жас талант

   ⁃ Қолөнер және цифрлық дизайн

   ⁃ Шығармашылық ынтымақтастық

 

Байқаудың қазылар алқасына қолөнершілердің экономикалық және әлеуметтік рөлін нығайтуға, туризм мен шығармашылық индустрияны дамытуға атсалысатын АҚШ, Қазақстан және басқа елдердің сарапшылары мен ұйымдарының өкілдері шақырылған.

 

2022 жылы Кәсіпкерлер палатасы жеңімпазға демеушілік қаражаттан 1 миллион теңге бөледі. «Атамекен» ҚР ҰКП Жұмыспен қамту департаментінің басқарушы директоры Айдана Тоғызбаева дұрыс және жүйелі түрде жаңа жұмыс орындарын көптеп ашуға, шағын бизнесті дамытуға, бірегей өнімдерді елден тыс жерлерде ілгерілетуге болатынын баса айтты.

 

«Атамекен» байқауды екінші жыл ұйымдастырушы болып табылады және біз үшін былтырғы байқауға қатысушылардың жетістіктерін көру өте қызықты. Олардың көпшілігі өндірісті кеңейтіп, цехтар мен сауда нүктелерін ашты. Жоба жаңа бағыттарды ашуға және бизнесті кеңейтуге жақсы серпін екені сөзсіз. Байқау қалыптасқан брендтерге өз өнімдерін алға жылжытуға және болашақта дизайнерлік өнімдерді жеткізушілердің халықаралық нарығына шығуға мүмкіндік береді», - деді Айдана Тоғызбаева.

 

Өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі – 2022 жылдың 15 қыркүйегі. 2022 жылдың қазан айында байқаудың финалы мен нәтижелерін жарияланады.

 

Байқауға қатысу тегін.

 

Конкурсқа қатысуға өтінім беру үшін мына сілтеме бойынша өтіңіз: https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSe5k8dIVnvbLjgdpE6pfbGGle4PSe7_HFBbacQggyHjWHpJ7Q/viewform?usp=sf_link

 

BORN NOMAD POWER AWARDS 2022 байқауына қатысуға қатысты барлық сұрақтар бойынша info.bornnomad@gmail.com электрондық поштасына хабарласыңыз.

Достарыңызға айтыңыз: