Оңтүстік Кореядан келген туристер үшін Қазақстанды не қызықтырады?

Өткен аптада Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшілігі мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Сеулде Қазақстан туризмін ілгерілету бойынша роуд-шоу ұйымдастырды. Іс-шара Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын мерекелеу қарсаңында өтті.

Роуд-шоудың ашылуында Қазақстан Республикасының Кореядағы елшісі Дүйсенбаев Бақыт, Kazakh Tourism өкілдері сөз сөйлеп, сондай-ақ мақсатты нарыққа бағдарланған туристік өнімдерін таныстырған отандық туроператорлар да болды. Іс-шараға Кореядан 25-тен астам компания қатысты.

Шырын Мусина, Kazakh Tourism ұлттық компаниясын ілгерілету департаментінің директоры: «Корея тұрғындары гольфтуризм, казиноға өте қызығушылық танытады, оларды дала кеңістігі, гастротуризм және қысқы спорт түрлері де қызықтырады. Қазақстан олар үшін тамаша бағыт деп айтуға болады».

Роуд-шоу барысында мақсатты нарық өкілдері корейлердің Қазақстанға деген ерекше көзқарасы туралы айтып берді. Мысалы, осыдан бір неше жылдар бұрын Сеулдің бұрынғы мэрі біздің елдің таулы курорттарының біріне демалуға келген. Саяхаттан қатты әсер алғаны соншалық, оның айтуы бойынша бойына жинаған құатты күш оған елінің президенті болуға көмектесіпті. Корейлердің энергияның күшіне деген терең сенімін ескере отырып, біздің тауларымызға Оңтүстік Кореяның басқа шенеуніктері мен мемлекеттік қызметкерлері келеді екен.

Статистика бойынша 2019 жылы пандемияға дейін Кореядан Қазақстанға кіру ағыны 40 мыңға жуық туристті құрады. Биыл біз халықаралық туризмді қалпына келтіріп жатырмыз, еліміз туристтерге шекараны да, визасыз режимді де қайта ашты. Нәтижесінде осы жылдың 9 айында Қазақстанды 11 мың Оңтүстік Корея туристері аралап үлгерді.

«Осы роуд-шоудың нәтижелеріне сүйене отырып, Kazakh Tourism Қазақстандағы негізгі турбағыттарын ұсыну үшін 2023 жылы ірі корейлік БАҚ пен инфлюиенсерлерді шақыруды жоспарлап отыр», - деді роуд-шоудың қорытындысы бойынша Қазақстан елшілігінің өкілдері.

Достарыңызға айтыңыз: