Халықаралық көрмеде автотуристерге арналған маршруттар ұсынылды

Халықаралық көрмеде автотуристерге арналған маршруттар ұсынылды

Қазақстанның автомототуризм қауымдастығы «Ката» Ресейде өткен «Поехали 2025» халықаралық автомототуризм және саяхат көрмесінде Қазақстанды таныстырды. Ұлттық экспозиция еліміз бойынша өздігінен саяхаттауға мүмкіндік беретін маршруттармен саяхатшылардың назарын аударды.

Көрмеге келушілер Ұлытау облысына арналған интерактивті жолсілтемеге үлкен қызығушылық білдірді. Ол сапарды жоспарлауға көмектеседі және өңірдің негізгі көрікті жерлерімен таныстырады. Гид экспедициялық бағыттарды, табиғи және тарихи орындар, қонақ үйлер, мейрамхана және өзге де туристік инфрақұрылым объектілері туралы ақпаратты және автосаяхатшыларға ұсыныстарды қамтиды. «Ката» қауымдастығы жолсілтемені Ұлытаудың мәдени-тарихи мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беру үшін әзірледі.

Сонымен бірге экспозицияда еліміздің солтүстігіндегі және Қызылорда облысындағы туристік локациялар бойынша маршруттар ұсынылды. Оның ішінде «Байқоңыр» кешені де бар.

Халықаралық көрме еліміз бойынша авто-, мото- саяхаттарды дәріптеуге қосымша мүмкіндіктер ұсынды.

Атап өткен жөн, өткен жылы РФ келушілер есебінен елімізге түскен кіріс 704 млн АҚШ долларын құрады. Биыл алғашқы жартыжылдықта бұл көрсеткіш 361 млн АҚШ долларына жетті.

Достарыңызға айтыңыз: