Ұлытаудан жаяу шыққан зейнеткер Сәрсенбай Қотырашов бүкіл Қазақстанды жаяу аралап, Нұр-Сұлтан  қаласына жетті.

Қарағанды-Астана трассасында саяхатшыны Kazakh Tourism, Astana Invest, QazaqGeography, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қала тұрғындары мен туыстары құшақ жая қарсы алды. 

«Жаяу саяхатымды 31 наурызда Ұлытау облысынан бастадым. Қазақстанның тарихи – географиялық орталығы - Ұлытауды дәріптеп, Ұлттық қолөнершілердің тізімін жасап, ұмытылып бара жатқан «қымыз мейрамын» қайта жаңғыртқым келеді. Қазақ халқының қонақжай екеніне көзім жетті. Ойламаған жерден бейтаныс адамдар тамақ беріп, су мен қажеттінің бәрін алып, кей түндерде үйлеріне қоныстандырды. Халқыма мың алғыс!», - деді құрметті неономад.

Бұл сапарында Сәрсенбай Қотырашовтың серігі болған, өлкетанушы, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты Бақтияр Қожахметов.

«Ақсақалдың идеясын толықтай қолдаймын, салт-дәстүрді еске алу, оны сақтау, болашақ ұрпаққа насихаттау, көрсету біздің идеологиямызды құрайды.Ал идеологиясы мықты халық, ол дана халық деп айтуға болады. Сондықтан салт-дәстүр арқылы біз жастарды насихаттап, болашақ ұрпақты тәрбиелей аламыз»,- деді Бақтияр Қожахметов.

Сол күні Сәрсенбай Қотырашовты Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әртістері салтанатты түрде қарсы алып, ел қолөнершілерімен кездесу ұйымдастырды. Жахангез ақсақал қолөнершілердің ерекше көрмесіне қатысып, «Біздің жәрменке» атты үлкен концертінен нәр алды.

Сондай-ақ, «Neo Nomad 2022» фотоспотының алдына барып, бірнеше суретке түсті.

Ақсақалдың Нұр-Сұлтан қаласына келуіне байланысты, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Сәрсенбай Қотырашовтың фотокөрмесін ұйымдастырды.

Сәрсенбай Қотырашов саяхатты 31 Наурызда бастады және оны осы жылдың қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр, ол елдің барлық 17 өңіріне, бір күнде 40 шақырым жүру арқылы жетпекші. Бүгінгі таңда саяхатшы 4000 шақырымнан астам жолды жүріп өтіп, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Қонаев, Талдықорған, Аягөз, Семей, Өскемен, Павлодар, Қарағанды сияқты барлық оңтүстік және шығыс өңірлерден өтті. 

Ол Нұр-Сұлтаннан Көкшетауға, содан кейін Петропавл, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау және Ақтауға барады. Осы уақытқа дейін 4000 шақырым жүріп өткен ол бес жұп аяқ киімді тоздырған. 

Маршруттың соңғы нүктесі Ақтау қаласы болып табылады. 

«Ұлытауда болдыңыз ба...» атты, Қазақстан бойынша жаяу саяхаттау жобасы. 

Сапардың негізгі мақсаттары:

1. Қазақстанның тарихи-географиялық орталығы Ұлытауды насихаттау

2. Қазақстандық қолөнершілерді тіркеу

3. Қымыз мейрамын насихаттау

 Елордада саяхатшыны бірқатар кездесулер күтіп тұр, сондай-ақ Сәрсенбай Қотырашов «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігінің кеңсесіне барады. 

Kazakh Tourism саяхатшыға қажетті әкімшілік және ақпараттық қолдау көрсетеді

Достарыңызға айтыңыз: