Қазақстандық туроператорлар араб туристерін қабылдауға дайын

2022 жылдың 9-12 мамырында Дубай қаласында (Біріккен Араб Әмірліктері) «ATM 2022» (Arabian Travel Market) 28-ші Халықаралық туристік көрмесі өтуде.

Таяу Шығыстың жетекші көрмелерінің бірінде Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің қолдауымен отандық туроператорлар үшін Kazakh Tourism және Visit Almaty ұйымдастырған еліміздің ұлттық стенді алғаш рет көрсетілді. Ұлттық стендте кіру туризм бағыты бойынша отандық 12 туроператор қатысуда.

Биылғы жылы ресми деректер бойынша АТМ көрмесіне 112 елдің өкілдері қатысып, 1500 экспоненттің стендтері қойылды. Көрмеге барлығы 20 мыңнан астам адам келеді деп күтілуде.

Қазақстан делегациясы араб нарығына Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына барып, олардың маңайында орналасқан ұлттық парктерге саяхаттауды, сондай-ақ Маңғыстау, Түркістан және басқа да өңірлерге сапарларды ұсынады.

Қазақстандық стендтің ашылуына ҚР-ның БАӘ-дегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадияр Меңілбеков, сондай-ақ бірқатар шетелдік компаниялардың өкілдері қатысты.

Қазақстан стендінің ұйымдастырушылары мен отандық турбизнес өкілдерінің айтуынша, Таяу Шығыс елдерінің шығу туризмі ең жылдам дамып келе жатқан нарық болып табылады.

«Бұл пандемия кезіндегі екі жылдық үзілістен кейін Қазақстанның ұлттық стендімен қатысып отырған алғашқы халықаралық туристік көрмеміз. Оның БАӘ-де өтуі кездейсоқ емес, себебі ол еліміз үшін Таяу Шығыстың басқа елдерімен бірге ТМД нарығынан кейінгі маңызды мақсатты нарықтардың бірі болып табылады», - деп атап өтті Kazakh Tourism ұлттық компаниясының Басқарушы директоры Даниел Сержанұлы.

Осыған байланысты Қазақстанның туристік әлеуетін осы бағытта ілгерілету күшейтілуде. Мысалы, осыдан бұрын Kazakh Tourism Қазақстан елшілігімен бірлесіп Сауд Арабиясының Джидда, Рияд және Даммам қалаларында роуд-шоу сериясын ұйымдастырды.

Ағымдағы жылдың 1 қазанында ҚР мен БАӘ арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын атап өткен жөн. Осыған байланысты, күзде Әмірліктерде кезекті роуд-шоу сериясын ұйымдастыру жоспарлануда, онда қазақстандық туркомпаниялар қысқы демалыс бойынша өз ұсыныстарын ұсынады.

Достарыңызға айтыңыз: