Бағдарламадағы өзгерістерге сәйкес туроператорлардың өтінімдері Kazakh Tourism-ге түскен күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде қаралатын болады. Бұрын бұл процедура 10 жұмыс күннің ішінде қарастырылған.

Сондай-ақ, төлем мерзімі 45 күннен 25 күнге дейін қысқартылды, оның барысында Kazakh Tourism субсидия сомасын туроператордың атына аударуды жүзеге асырады.

Белгіленген мерзімдерге қарамастан, Kazakh Tourism өтінімдерді барынша жедел мерзімде қарайтынын атап өткен жөн. 2022 жылдың қорытындысы бойынша субсидияларды қараудың және төлеудің нақты мерзімі орта есеппен 10 жұмыс күнін құрады. Субсидиялар 4 жұмыс күні ішінде төленген жағдайлар да орын алған.

Бұдан басқа, Ережеге енгізілген өзгерістерге сәйкес балалар әуебилетін сатып алуды растау тізбесі кеңейтілді. Егер бұрын өтінімге әуебилеттің көшірмелерін қоса беру қажет болса, қазір әуекомпаниядан билетті пайдалану туралы маршруттық түбіртекті немесе растау анықтамасын қоса беруге болады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша 700-ге жуық өтінім келіп түскен. Туроператорларға балалар әуебилеттері үшін 76 млн. теңге субсидия төленді.

Тур аясында ел бойынша 1,5 мыңға жуық бала тегін ұшты. Өткізілген турлардың құны 370 млн. теңгеден асады. Ең танымал бағыт Ақтау болса, онда 350-ден астам турпакет сатылған. Әрбір субсидияланған теңгеге экономикаға 5 теңге түсті.

Достарыңызға айтыңыз: