Ағымдағы жылдың 2-4 маусымы аралығында берекелі және қонақжай Әулиеата өңірінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» II Халықаралық қолөнершілер көрмесі өткізілді.

Халықаралық көрмені өткізудегі мақсат – өңірдің әлемге танымалдылығы мен туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында тәжірибе алмасу, бәсекелестікке төтеп беру және жоғалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтап қалу және қайта жаңғырту.

Көрмеге Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің өкілдері қатысты:
1. Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілерінің дүниежүзілік кеңесінің президенті Муртазаев Азиз Максудович (Ташкент).
2. Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Бекқұлова Айжан Абдыманаповна (Алматы).
Көрмеге алыс және жақын шет елдері қолөнершілерімен қатар, халықаралық қолөнершілер қауымдастықтар, халықаралық сарапшылар, туризм саласына қатысты мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Индия, Қытай, Монголия, Франция, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан, Қырғызстан қолөнершілері. Сонымен қатар, көрмеге Қазақстанның өзге облысы мен жергілікті қолөнершілер қатысты. Көрмеге шақырылғандардың жалпы саны 250 адам.

Көрме аясында:
1) «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Галерея» ғимаратында шетелдік қолөнершілер, «Көрме залы» ғимаратында қазақстандық және Тараз қаласының қолөнершілері орнылыстырылса, сыртта арнайы орналастырылған шатырларда аудандардан келген қолөнершілер орналастырылып, кәдесыйларды сату жәрмеңкесі өткізілді.
2)«Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде фудкорт орналастырылды және 5 киіз үй тігілді. Онда: спорттық ойындар, киізден жасалатын өнімдер бойынша және қыштан (керамика) жасалатын өнімдер бойынша мастер-кластар өткізілді.
3) Балалар мен жасөспірімдер арасында кәдесый бұйымдарының «Тараз - қолөнершілер қаласы» конкурсы ұйымдастырылды.

Нәтижесінде байқауға қатысушылар сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, «Қолөнер саласындағы Тараз тынысы» қолөнершілер байқауы ұйымдастырылды. Осы байқау бойынша 5 қолөнершіге ақшалай сыйлық берілді (жеңімпаздарды арнайы құрылған комиссия анықтады).
 
(Қолөнершілер қалаларының Дүниежүзілік тізімі 2014 жылдан бері қалыптасып келеді. Бүгінгі таңда бұл тізімге әлемнің 25 мемлекетінің 57 қаласы еніп отыр. 2022 жылдың 1 қазанында киелі Тараз қаласы осы тізімге 56 қала болып еніп, Қазақстан бойынша осы тізімге енген ең алғашқы қала болды. Тараз қаласы осы тізімге өзінің үлкен туристік және қолөнершілік әлеуетінің арқасында еніп, осындай үлкен құрмет пен мәртебеге лайықты түрде ие болып отыр.
Тараз шаһарын Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енгізудегі басты мақсат – осындай тарихы терең шаһарда ұлттық қолөнерді дамыта отырып, Тараз қаласын әлемдік деңгейдегі ірі ұлттық қолөнер орталықтарының біріне айналдыру)
Достарыңызға айтыңыз: