Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы қорытындыланды: ҚХР-дан келушілер саны шамамен 50% артты

Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы қорытындыланды: ҚХР-дан келушілер саны шамамен 50% артты
Kazakh Tourism ҚР Туризм және спорт министрлігінің тапсырысымен Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми жабылу рәсімін өткізді. Ауқымды іс-шара қарқынды жылдың қорытындысы ғана емес, сонымен қатар жаңа бастамалардың бастауына айналды.
Kazakh Tourism ҚР Туризм және спорт министрлігінің тапсырысымен Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми жабылу рәсімін өткізді. Ауқымды іс-шара қарқынды жылдың қорытындысы ғана емес, сонымен қатар жаңа бастамалардың бастауына айналды.

Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының қорытындысына арналған халықаралық форум қос елдегі туристік индустрияның 300-ден астам өкілін тоғыстырды. Оның аясында пленарлық сессия, «Қазақстан мен Қытай арасындағы туризмді дамыту динамикасы» және «Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары» екі панельдік сессия, екі мемлекеттің туроператорлары мен туристік бизнес өкілдерінің B2B кездесулері өтті.

«Биылғы жыл Қазақстан мен Қытайдың туризм саласындағы өзара іс-әрекетінің айтарлықтай кеңеюімен ерекшеленді. Біздің елдеріміз арасындағы туристік ағын елеулі өсімді көрсетті. Бұл бізді тату көршілігіміз ғана емес, өзара түсіністік пен мәдени алмасуға деген ортақ ұмтылыс біріктіретінін көрсетеді.
Шекара қызметінің деректеріне сәйкес қазақстандықтардың ҚХР сапарлары 31%, ал Қытайдан Қазақстанға келген меймандар қатары 50% арта түсті. 2024 жылдың 10 айында елімізге 550 мың адам келді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 367 мың адамды құрады. Бұл біздің елдерімізге деген қызығушылықтың артқанын, сонымен бірге Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында жүзеге асырылған жобалар ауқымды нәтиже беретінін көрсетеді»,-деп атап өтті форумның ашылуында ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.

Биыл Бейжіңде, Сианьда, Шанхайда, Гонконгте және Үрімшіде Қазақстанның қалалары мен өңірлерінің туризм күндері, туризм түрлері бойынша тақырыптық апталар өткізілді. Біздің еліміздің әлеуеті COTTM, ITB China, ITE Hong Kong іспетті 4 халықаралық туристік көрмеде ұсынылды. Шандун және Хэбэй провинцияларында ауқымды концерттер ұйымдастырылып, «Алтын адам» және «Ұлы дала» көрмелерінде ҚР Ұлттық музей қорынан экспонаттар көрсетілді.

Жыл аясында мәдени-ақпараттық іс-шаралармен қатар ауқымды жобалар да ұйымдастырылды. Мәселен, «Жібек жолы» автошерулеріне, Peking-Paris Motor Challenge раллиіне, Жібек жолы бойынша мототурға 500 жуық адам қатысты.
Қытайдың ірі медиа корпорациялары еліміздің туристік әлеуетін белсенді түрде паш етуде. Қазақстанның ҚХР-дағы туризм жылының жалпы медиа нәтижесі 1,8 млрд қаралымға жетті. Әлеуметтік желілердегі еліміз туралы жарияланымдардың қамтылу деңгейі 160 млн пайдаланушыны құрады.
Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы саяхатшылар үшін жаңа көкжиектер ашып, туризм индустриясы өкілдеріне серіктестікті кеңейтуге жол ашты.

Бүгінгі Форум атқарылған жұмыстарды қорытындылаудың және ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызды іс-шарасына айналды. 80-ге жуық қазақстандық және қытайлық туроператор іскерлік байланыстарды нығайту және әріптестік орнату үшін B2B келіссөздер жүргізді.
Атап өткен жөн, өткен жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Қытайға ресми сапары барысында 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жарияланды. Биыл наурызда Бейжіңде Қазақстан-Қытай туризм және инвестициялар форумы өтті. 2025 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы болып жарияланды. Бұған дейін бұл туралы қос елдің басшылары бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Достарыңызға айтыңыз: