«Қазақстандағы цифрлық туризм – 2025»: үздік ІТ-шешімдер таныстырылды

«Қазақстандағы цифрлық туризм – 2025»: үздік ІТ-шешімдер таныстырылды

Қазақстан туристік саланы бірыңғай цифрлық экожүйесіне біріктіреді. Бұл туристік қызметтердің әрізділігін жойып, жоспарлаудан бастап орналасуға және кері байланысқа дейінгі саяхаттаудың негізгі кезеңдерін интеграциялауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Алматы қаласында өткен «Қазақстандағы цифрлық туризм – 2025» форумында айтылды. Маңызды іс-шара туризм индустриясы мен қонақжайлық саласындағы технологиялық шешімдер мен трендтерді ұсынды.

Форумды Kazakh Tourism және «Pana» компаниясы Travel startups қоғамдастығының қолдауымен ұйымдастырды. Ауқымды шара 300-ден астам қатысушыны тоғыстырды. Оның ішінде Қазақстандағы және таяу шетелдегі туристік бизнестің, технологиялық компаниялардың, стартаптардың және inDrive, Яндекс, Mastercard, Sabre, Mapster өкілдері бар.

Үш панельдік пікірталас аясында туристік саланы цифрландырудың негізгі мәселелері мен саладағы инновацияларды дамыту перспективалары кеңінен талқыланды: туризм индустриясындағы цифрландыру мәселелері (TravelTech), туризмді дамытудағы мемлекеттік цифрлық қызметтердің рөлі (GovTech), қонақжайлылық индустриясына арналған цифрлық технологиялар (HotelTech). Қатысушылар IT-шешімдер арқылы клиенттік тәжірибені жақсартуға және турбизнес өкілдеріне арналған жаңа мүмкіндіктерге ерекше назар аударды.

Форум аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – Қазақстан бойынша тұрғын үйді брондауға арналған PanaApp мобильді қосымшасының таныстырылымы. Биометриялық сәйкестендіру, орналастыру нысандарын басқаруға арналған CRM жүйесі және Key-Free технологиясы платформаның артықшылығы болып табылады. Қосымшада мүлікті бүлдіру немесе шу туғызатын іс-шаралар өткізу ықтималдығы жоғары күмәнді брондауларды сүзгіден өткізу және бұғаттау механизмдері қарастырылған. Сонымен бірге компания турбизнесті қолдау үшін 100 000 АҚШ долларына дейін венчурлық қор құруды жоспарлап отыр.

Стартап-питчинг те форумның жарқын сәттерінің біріне айналды. Байқауға қолданыстағы прототиптері бар туризм саласындағы 30 инновациялық ІТ-жоба жолданған. Іріктеу кезеңінің нәтижесінде 10 перспективалық тревел-стартап авторлары ақшалай сыйлықты иеленді және өз жобаларын әлеуетті инвесторлар мен серіктестерге таныстырды. Олардың қатарында – мобильді гид, Қазақстан бойынша турларды іске асыру қосымшасы, борттық тур сату жүйесі, қонақ үйлерді басқаруды автоматтандыру жүйесі, пәтер жалдауды автоматтандыру платформасы, тұрғын үй іздеу агрегаторы және басқа да инновациялық жобалар бар. Байқаудың жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрады.

«Соңғы Үкімет отырысында туризмді цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттың мемлекеттік деңгейде басымдыққа ие екенін көрсетеді. Бүгінде Қазақстанда 8 тілде қолжетімді Kazakhstan.travel туристік порталы, әуежайларда QR-код жүйесі және eQonaq қонақтарды тіркеу платформасы жұмыс істейді. Алайда туристің цифрлы жолы әлі де толық қалыптаспаған. Бұл ұялы байланыс операторлары мен электрондық төлем жүйелері секілді жаңа дереккөздерді біріктіру қажеттігін көрсетеді. Мұндай кешенді тәсіл туристер мен сала өкілдері үшін ашық әрі ыңғайлы цифрлы орта құруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.

«Қазақстандағы цифрлық туризм – 2025» форумын туризм индустриясы үшін маңызды оқиғаға айналып, «ақылды» шешімдерді дамыту, қызмет сапасын арттыру және орнықты туристік экожүйе құру бағытындағы негізгі өсу векторларын айқындады.

Достарыңызға айтыңыз: