5 араб елінен келушілер ағыны 62% артты

5 араб елінен келушілер ағыны 62% артты

 

Қазақстан Таяу Шығыс туристік нарығында өз позициясын белсенді түрде нығайтып келеді. Бүгін Дубайда басталған Arabian Travel Market халықаралық көрмесінде турбизнестің 30-ға жуық өкілі елімізді таныстыруда.

 

Қазақстандық экспозицияда Алматы, Астана және Байқоңыр қалаларындағы туристік ұсыныстарға ерекше көңіл бөлінді. Парсы шығанағы елдерінің тұрғындары мен шетелдік қонақтарға 73,5 шаршы метрлік алаңда мәдени және гастрономиялық бағыттардан бастап ғылыми-танымдық турларға дейінгі әр түрлі мүмкіндіктер ұсынылған. Бұл көрме қазақстандық компанияларға туристік өнімдерін таныстыруға, шетелдік туроператорлармен, туристік индустрия мен әуе саласы өкілдерімен іскерлік байланыстарды кеңейтуге жол ашады.

«Таяу Шығыс бағыты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нақты нәтижесін көріп отырмыз. 2024 жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің мәліметі бойынша 5 араб елінен келушілер саны бірден 62% артты. Оманнан келген қонақтар легі 80% ұлғайып, 15 мыңнан асты. БАӘ былтыр 14,7 мың адам келді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 40% көп. Сауд Арабиясынан Қазақстанға 9 мыңнан астам мейман келіп, бұл 47% өсімді құрады. Катарлық қонақтар қатары 1,5 есеге артты. Ал 2022 жылмен салыстырғанда Бахрейннен келушілер 4 есеге жуық көбейді. Google аналитикалық деректеріне сәйкес, «Қазақстанда тұру» және «Қазақстанға ұшу» сұраныстары бойынша БАӘ соңғы 90 күнде ТОП-10 елдің қатарына кірді. Бүгінде қарастырылып жатқан басқа елдердің азаматтары саналатын БАӘ резиденттері үшін 30 күндік визасыз режимнің енгізілуі де туристік ағымның өсуіне оң әсер ететіні сөзсіз», – деп атап өтті Kazakh Tourism ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.

БАӘ азаматтары үшін енгізілген визасыз режим, екі елдің ірі қалалары арасындағы тұрақты тікелей әуе рейстері, стратегиялық халықаралық алаңдарға қатысу Қазақстанның тартымды туристік бағыт ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етеді.

Атап өткен жөн, 2023 жылы TravelScapes Қазақстанды Таяу Шығыс саяхатшылары үшін трендтік бағыт ретінде атады. Биыл Қазақстан араб елдерінен келген туристер арасында Ораза айт мейрамы кезінде танымал бағыттардың бірі болды.

Анықтама үшін: Arabian Travel Market – әлемдік туристік саланың ең маңызды шараларының бірі. Биыл 32-рет өтіп жатқан көрме «Жаһандық саяхаттар: байланысты нығайту арқылы болашақ туризмді дамыту» тақырыбына арналды. Аталған іс-шарада әлемнің түрлі елдерінен 2 800-ден астам компания өз туристік өнімдерін таныстыруда. Көрмеге 161 елден 55 мыңға жуық келуші келеді деп күтілуде. Шара 1 мамырға дейін жалғасады.

Достарыңызға айтыңыз: