Еуропалық басылым Қазақстан туралы арнайы шығарылым дайындауда

Еуропалық басылым Қазақстан туралы арнайы шығарылым дайындауда

Өмір салты мен автокөліктер тақырыбындағы жетекші еуропалық журналдардың бірі Porschist Magazine алғаш рет Қазақстанға арнайы шығарылым арнамақ. Журналдың толық нөмірінде еліміз шетелдік кең аудиторияға заманауи сәулетті, табиғатты, мәдени мұраны бағалайтындар мен саяхатшылар үшін перспективалық бағыт ретінде ұсынылады.

Журналдың түсірілім тобы Қазақстанның бірнеше туристік локацияларын аралады. Оның ішінде Алматы, Астана және Түркістан қалалары, Алматы мен Ақмола облыстары бар. Объективке Іле Алатауы тауларының, Шарын шатқалының, «Бурабай» ұлттық паркінің көркем ландшафттары, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Бәйтерек монументі, «Керуен-сарай» кешені мен Бейбітшілік және келісім сарайы тәрізді сәулеттік нышандар түсті.

Porschist Magazine әзірлейтін материалы Қазақстанның туристік әлеуетін, автокөлік мәдениеті, өмір салты және мәдени мұра арасындағы синергияны көрсетуге бағытталады.

Автомобиль мәдениетіне де ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде Қазақстанда кемінде Porsche маркалы 5000 темір тұлпар тіркелген. Бұл туризм, лайфстайл және автомобиль қауымдастығы салаларында халықаралық коллаборацияларды кеңейтуге жол ашады.

«Журнал редакциясы арнайы шығарылымды өз есебінен дайындауда. Ал біз бес өңірдің туристік кеңселерімен және бірқатар жеке серіктестермен бірлесіп, ел ішіндегі логистика мен қозғалысты ұйымдастыруды қамтамасыз еттік. Бұл синергияның арқасында Қазақстан алғаш рет тұтас шығарылым көлемінде шетелдік аудиторияға ұсынылады», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.

Жоба ҚР Бельгиядағы елшілігінің бастамасымен өңірлік туристік кеңселер мен жеке серіктестердің белсенді қолдауымен жүзеге асырылды. Олардың қатарында Air Astana, Almaty Tourism Bureau, Visit Alatau, Open Turkistan, «Karavansaray Turkistan» қонақ үйі, Visit Astana, Visit Aqmola, Porsche Centre Astana және Porsche Club Kazakhstan бар.

Журналдың арнайы шығарылымы 2026 жылғы наурыз айында жарық көреді. Материалдар басылымның ресми сайтында және оның цифрлық платформаларында да жарияланады.

Атап өткен жөн, Porschist Magazine 2000 жылдардың басынан бері Бельгияда жарық көреді. Журнал Франция, Нидерланды, Швейцария, Монако және басқа да елдердің кең аудиториясын қамтиды. Бұған дейінгі арнайы шығарылымдарда Австралия, Үндістан, Сауд Арабиясы және Кюрасао елдері ұсынылған.

Достарыңызға айтыңыз: