Қазақстан жаңа жыл мейрамында ҚХР туристері үшін танымал 7 шетелдік бағыт қатарына кірді

Қазақстан жаңа жыл мейрамында ҚХР туристері үшін танымал 7 шетелдік бағыт қатарына кірді

Қазақстан жаңа жылдық демалыстар кезінде ҚХР туристері арасында ең сұранысқа ие шетелдік бағыттардың топ-7 қатарына кірді. Бұл туралы Қытайдың ірі онлайн-туроператорларының бірі  Tongcheng Travel жариялаған «2026 жылғы жаңа жылдық мерекелерге арналған туристік үрдістер туралы есепте» көрсетілген.

Деректерге сәйкес биылғы желтоқсан айының басынан жаңа жылдық мерекелерге дейінгі кезеңде Қытайдың ірі қалаларынан Қазақстанға әуе билеттерін брондау саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50% астам артқан. Қонақүйлерді брондау көрсеткіші 80% аса өсті.

Қытайдың шығу туризмі құрылымында Орталық Азия мен Солтүстік Еуропа бағыттарына қызығушылықтың артқаны көрсетіледі. Қазақстан қысқы демалыс пен белсенді туризм түрлері үшін перспективалық бағыт ретінде өз позициясын нығайтуда. Бұл ретте Қытай туристері арасында ең танымал қалалар - Алматы мен Астана.

Tongcheng Travel сарапшылары Қазақстандағы тау шаңғысы орындарына cаяхатқа сұраныс қараша айының соңынан бастап артқанын атап өтеді.

Атап өткен жөн, биылғы 11 айда Қазақстанға Қытайдан келушілер қатары 876 мыңнан асты. 2024 жылдың 12 айында бұл көрсеткіш 655 мыңды құраған. Бұл елімізге деген жоғары қызығушылық деңгейін, Қазақстанды ҚХР туристік нарығында ілгерілету, визалық рәсімдерді жеңілдету және екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастарын кеңейту бойынша жүйелі жұмыстың тиімділігін көрсетеді.

Достарыңызға айтыңыз: