Алматы жартылай марафоны 28 елден келген қатысушыларды жинады
Демалыс күндері оңтүстік астанада бесінші Алматы жартылай марафоны өтті. Жарысқа барлығы 5 500 әуесқой спортшы қатысты.
Іс-шара шет елдерден қонақтарды жиі тарта бастады. Биыл жартылай марафонда 28 елден 200-ге жуық қатысушы тіркелді.
Шетелдік қатысушылардың көпшілігі ТМД елдерінен, бірақ Ұлыбритания, АҚШ, Австралия және басқа елдердің әуесқой спортшылары да болды.
Айта кетерлігі, қорытынды бойынша абсолютті есепте Мәскеуден келген жартылай марафоншы жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ринас Ахмадеев жеңімпаз атанды. Оның мәре уақыты - 1 сағат 5 минут 11 секунд, бұл Алматы жартылай марафоны трассасының 21.1 км-дегі жаңа абсолютті рекорды.

 «Елімізде өтетін марафондар әлем сайыстарының картасына түсіп, халықаралық іс-шаралар деңгейдегі шыққанына өте қуаныштымын. Бұл жағдай ішкі туризмге серпін ғана емес, сырттан келетін туристтер үшін де тартымды оқиғаға», - деп «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының директоры және жарысты ұйымдастырушы Салтанат Қазыбаева түсінік берді.

 «Мұндай іс-шаралар қазақстандық және шетелдік туристердің назарын аударады. Сондықтан соңғы бірнеше жылдары осындай іс-шаралардың ұйымдастырушыларын барынша қолдауға тырысып жүрміз. Мысалы, Business Media Central Asia көрме холдингімен, «Бірінші болу – батылдық» қорымен бірлесіп, осы жылдың маусым айында елордада «Qazaqstan Live Fest» іс-шарасын өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Kazakh Tourism ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Талғат Аманбаев.

 Kazakh Tourism баспасөз қызметінің хабарлауынша, Qazaqstan Live Fest-туризм, спорт және белсенді өмір салтына арналған Қазақстан үшін жаңа шара. Фестиваль аясында 2022 жылдың 19 маусымында алғашқы астаналық Nur-Sultan Half Marathon жартылай марафоны бастау алады. Марафонның мәресі мен сөресі «EXPO» халықаралық көрме орталығының аумағында өтеді.
Достарыңызға айтыңыз: