Қазақстанда оқушыларға креативті индустрия аясында кәсіптік бағдарлау сабақтары өтуде

Қазақстанда оқушыларға креативті индустрия аясында кәсіптік бағдарлау сабақтары өтуде
Елімізде үшінші жыл қатарынан қызықты жоба жүзеге асуда. «Жанды сабақтар» - бұл оқушыларға мектеп қабырғасынан тыс уақытта арналған сабақтар. Жоба оқушылардың қызығушылығына негізделген, сондай-ақ, мектеп бағдарламаларын практикада көріп, визуализациялау дағдыларын дамытады.
Балалар жылында – «Жанды сабақтар» ерекше тәсілмен өткізіледі. Қазақстанда соңғы жылдары креативті индустрияның негізін қалаушы жастарға көңіл бөлінуде. Сондықтан «Жанды сабақтар» мәдени мекемелерде кәсіби бағдар беру форматында өтеді.
Қазір театр және актерлік өнердің қыр-сырын меңгерген 6-9 сынып оқушылары «Қазақфильм», «Astana Opera», «Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры», «Маңғыстау облыстық қуыршақ театры» мамандарынан білім алуда.
«Біздің елімізде керемет мәдени мекемелер өте көп, олар тек туризм үшін бару объектілері ретінде ғана емес, сонымен қатар креаторлардың жаңа буынының пайда болуына ықпал етуге арналған орын ретінде қызықты», - дейді Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарушы директоры Даниел Сержанұлы. 
Kazakh Tourism ұлттық компаниясында атап өткендей, 2020 жылы «Физика», «Тарих», «Биология» пәндері бойынша «Жанды сабақтар» пилоттық жобасына қалалық және ауылдық жерлердегі мектептерде оқитын медицина қызметкерлерінің балалары, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар, оқу үздіктері қатысқан. Жоба аясында еліміздің 5 өңірінен 555 оқушы қамтылды.
Ал 2021 жылы жоба «Химия», «География», «Дүниежүзі тарихы», «Технология», «Қазақ әдебиеті», «Орыс әдебиеті» пәндері бойынша 1250 баланы қамтитын 7 өңірде іске асырылды. Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін өткен жылы гидтер мен экскурсоводтар үшін арнайы тренингтер өткізілді. Бұл «Жанды сабақтар» жобасының ерекшелігі туралы білімді қалыптастыру, сонымен қатар экскурсиялық бағдарламалар мен оларды өткізу дағдыларын үйрету үшін жасалды.
Достарыңызға айтыңыз: