Қазақстан IMEX Frankfurt халықаралық іскерлік туризм көрмесіне қатысты
31 мамыр – 2 маусым аралығында Майндағы Франкфурт қаласында (Германия) ең ірі халықаралық IMEX Frankfurt Іскерлік туризм көрмесі өтті. Көрме covid-19 пандемиясынан кейін алғаш рет офлайн форматта өткізіліп жатыр.

 Іс-шараға 80 елдің 14 мыңнан астам өкілдері қатысты, атап айтқанда халықаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар, салалық халықаралық қауымдастықтар, туризмді дамыту жөніндегі қалалық және елдік ұйымдар.

 Еліміздің Kazakh Tourism ҰК АҚ бастаған делегациясының құрамына Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығы ЖШС, Kazakhstan Investment Development Fund, сондай-ақ Rixos Water World Aktau, Karavansaray Turkistan сияқты турбизнес өкілдері және Turan Asia, Kompas, Empire Travel Qazaqstan туроператорлары кірді.

 Ұлттық нақышта ұсынылған Қазақстанның стенді келушілер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Стендте Air Astana ұлттық әуе тасымалдаушысы, Rixos Aktau, Swiss hotel қонақ үйлері мен Шымбұлақ тау курорты атынан Қазақстанға саяхат ұтыс ойыны өткізілді.
Көрме жұмысы барысында қазақстандық делегация басшысы Kazakh Tourism ҰК АҚ Басқарма төрағасы Талғат Аманбаев 10 түрлі елдің серіктестерімен 20 астам b2b кездесу өткізді, олар екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.

 «Қазақстанның IMEX сияқты ірі көрмелерге қатысуы еліміздің әлемдегі имиджін ілгерілетуге, туристерді тартуға ғана емес, сонымен қатар туризм индустриясындағы барлық жаңа трендтер мен жаңалықтарды білуге мүмкіндік береді. Көрме жұмысының қорытындысы бойынша Қазақстан AMC Sport Consultancy-мен (Ұлыбритания) Laver Cup, Nitro Games дүниежүзілік хор ойындары сияқты ірі халықаралық ивенттерді өткізу бойынша меморандумға, сондай-ақ бірлескен ынтымақтастықты нығайту шеңберінде Serbia Convention Bureau-мен (Сербия) меморандумға қол қойды. Туристік бизнес өкілдері Еуропа елдерінің, сондай-ақ Үндістан мен АҚШ серіктестерімен биылғы жылы туристердің корпоративтік және ынталандыру топтарына қызмет көрсету бойынша 1 млн еуродан астам суммаға уағдаластыққа қол жеткізді»,- деп атап өтті Талғат Аманбаев.

Биылғы жылы пандемияға байланысты шектеу шараларының алынып тасталуы және визасыз режим мен тікелей әуе рейстерінің қалпына келтірілуіне байланысты Қазақстан халықаралық туристік алаңдарға қатысуды жандандырды. Жыл соңына дейін Жапония, Ұлыбритания және Польшадағы тағы 3 халықаралық көрмеге қатысу, сондай-ақ мақсатты елдерде бірқатар роуд-шоулар өткізу жоспарланған.

Біздің анықтама:

 IMEX Frankfurt - оқиғалар индустриясы және ынталандыру туризмі (MICE туризм) саласындағы ең ірі халықаралық мамандандырылған көрме жыл сайын өткізіледі.

 Көрмеге жыл сайын 172 елден 3439 экспонент, 83 елден ұйымдастырушылар шақырған 3817 сатып алушы және әлемнің 70 елінен 14 мың келуші қатысады.

 Германия - Еуропадағы MICE туризмінің ең ірі нарығы және АҚШ-тан кейінгі әлемдегі екінші нарық. Көрмеге көптеген MICE іс-шарасын ұйымдастырушылар мен халықаралық қауымдастық өкілдері қатысады.

 Kazakh Tourism ҰК АҚ 2020 жылдан бастап ICCA халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығының мүшесі болып табылады, оның шеңберінде 5000-нан астам шетелдік делегаттардың қатысуымен 2022-2025 жылдарға арналған 12 халықаралық MICE іс-шарасы тартылды.

 ICCA - халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығы - оның негізгі мақсаты конгресс-көрме қызметі саласындағы жаһандық байланысты қолдау және дамыту болып табылады. 1963 жылдан бастап MICE секторында жұмыс істейтін ICCA әлемнің 100-ге жуық елінде 1100-ден астам қатысушыларды біріктіреді. Kazakh Tourism ҰК АҚ Орталық Еуропа өңірін білдіретін болады.
Достарыңызға айтыңыз: