Қазақстанның туроператорлар шетелдік туристерді елге тартуда
7-9 қараша аралығында Лондонда World Travel Market халықаралық туристік көрмесі өтті. Оған 180 елден 5000-нан астам экспонент қатысады. 
 
Қазақстанды ілгерілету стратегиясына сәйкес, туристік дестинация ретінде Ұлыбритания Қазақстан үшін нысанды нарық болып табылады. Себебі Ұлыбритания азаматтары үшін визасыз режим орнатылған және екі ел арасында тікелей әуе қатынасы бар. 

Ұлыбританиядан келген туристер ең қалаулы қонақтардың бірі болып табылады, өйткені олар люкс дәрежелі демалыстан шытырман оқиғаға дейін сан түрлі туризмді жақсы көреді.  
Мысалы, Қазақстанды 2020 жылы британдық бэкпэкерлер қоғамы (British Backpacker Society) баруға лайықты ТОП-5 орынға енгізді.  
Жалпы британдық туристер тарихы терең жылы елдерге және караванинг арқылы саяхаттауға болатын аймақтарға  басым көңіл  бөледі.
Сондықтан біздің оңтүстік аймақтар оларды қатты қызықтырады. Көрмеге қатысатын Қазақстандық туроператорлар турлардың алуан түрін, Жібек жолының маршруттарын, Алматы маңында демалуды және караванинг арқылы саяхаттау мүмкіндіктерін ұсынады. 

Отандық туроператорық компанияның директоры Гүлғайша Қасенханова: «Қазір мемлекет бізге жақсы қолдау көрсетіп жүр. Мәдениет және спорт министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы, елшілік қолдауымен біз Қазақстанның атынан осындай көрмелерге қатысып отырмыз. Бұл біз үшін елдің туристік әлеуетін көтеруге және туристерді тартуға тамаша мүмкіндік».

Пандемияға дейін Ұлыбританиядан Қазақстанға 23 мыңнан астам турист келді.
 
Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Ілиясов: «Қазақстанда туризм тұрғысынан шетелдік қонақтарға көрсететін көп дүние бар екендігіне сенімдімін. Бұған қоса бұл сала біздің экономикамыз үшін өте қажет индустрияға айнала алады. Сондықтан менің ойымша, Қазақстанның осындай халықаралық көрмелерге белсенді қатысуы өте маңызды».

Қазақстандық стендті ұйымдастырушылар атап өткендей, еліміздің осы көрмеге қатысуы еліміздің туристік әлеуетін ғана емес, сондай-ақ оның дәстүрлері мен мәдениетін танытуға зор септігін тигізеді. Шетелдік аудиторияны қазіргі Қазақстанмен, оның креативті, цифрландыру және басқа да түрлі салалардағы жетістіктерімен таныстыруға мүмкіндік береді.

«Kazakh Tourism» ұлттық компанияның Басқарма төрағасы Талғат Аманбаев: «Көрме, роуд-шоу сияқты шаралардан кейін елімізге 200-500 туристке дейін келеді. Бірақ одан бөлек имиджіміз артады. Қазақстан мұндай шараларға қатыспаса, басқа мемлекеттер біз туралы білмейді. Екіншіден, туризм сауда және инвестицияның дамуына әсере етеді. Өйткені ол ұғымдар қатар жүреді».

Сонымен қатар, көрмеге қатысу шетелдік туристерді қабылдауда жұмыс істейтін отандық туристік компанияларға пәрменді көмек көрсетеді. Бұл алаңда турбизнес өкілдері іскерлік байланыстар орнатып, әлеуетті серіктестермен b2b кездесулер өткізе алады. Бұл - туристер ағынының артуына ықпал етеді.

Көрме нәтижесі бойынша отандық туроператорлар бір жағынан жаңа серіктестер тауып, екінші жағынан ескі байланыстарын нығайтып қайтты. Оған қоса, Kazakh Toursim ұлттық компаниясы Trip.com компаниялар группасымен келісімге қол қойды. Оның құрамына Ctrip, Qunar, Make my trip сияқты беделді онлайн туристік агенттіктер, және Skyscanner, Cheap Tickets атты сервистер кіреді. 
Достарыңызға айтыңыз: