Ағымдағы жылдың 15-17 мамырында Қазақстан Республикасының делегациясы Омбы, Қорған және Түмен облыстарының туристік қоғамдастығына Қазақстандағы туризм саласындағы туристік әлеует пен инвестициялық жобаларды таныстырды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Омбыдағы Бас консулдығының қолдауымен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы ұйымдастырды. Қазақстандық делегацияның құрамы Visit Astana, Маңғыстау облысы әкімдігі, Shymbulak тау курорты, сондай-ақ SCAT әуекомпаниясының өкілдерінен құрылды.

Іс-шара бағдарламасы аясында екі елдің ұйымдары арасында B2B келіссөздері өтті, оның барысында ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, ақпараттық турларды ұйымдастыру, тікелей рейстерді іске қосу, әріптестік қатынастарды орнату және нығайту талқыланды.

Сонымен қатар, кездесу аясында Тюменьде көрші өңірлерден келген туристерді Қазақстанға сапарлар үшін үлкен топтарға біріктіре алатын көлік хабын құру идеясы айтылды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдан бастап Ресейден Қазақстанға ел тарихында алғаш рет Уфа қаласынан чартерлік рейстер іске қосылды, ал биыл Мәскеу, Екатеринбург және қазаннан чартерлер күтілуде.

Ресейлік ұялы байланыс операторларының мәліметтері бойынша, Қазақстан ресейліктер үшін танымал шетелдік бағыттардың бірі болып табылады және Ресейден Беларусь пен Түркиядан кейінгі туристерді қабылдау бойынша үштікке кіреді.

Достарыңызға айтыңыз: