Алматы облысының аспанында әлемдік деңгейдегі рекордтың бөлігіне айналатын бірегей оқиға болды. Германиядан және Бразилиядан келген нәзік жанды ұшқышар Қазақстан туы бейнеленген әуе шарымен ұшты. Кәсіби мамандар әуе шарымен ұшқан елдер саны бойынша әлемдік рекорд орнатуды жоспарлап отыр.
Германиядан келген Элли Даннингтон 116 елдің аспанында барлығы 1570 сағат ұшқан. Ол - дүниежүзінде аэронавтика бойынша әлемдік рекордқа қол жеткізетін жалғыз нәзік жан. Элли әртүрлі көлемдегі шарларды басқара алады. Оның ішінде бір адамға арналған кішкентай хопперден бастап 16 жолаушыға арналған шарлар бар.
«Қазақстан – мен тоқтаған 116-шы ел. Бұл сапар өте тартымды болды. Қарлы таулардың, жайылып жүрген жылқылар мен түйелердің көрінісі керемет. Әуе шарымен ұшу - осы саяхатты бірге бастаған күйеуіме деген құрмет. Мен 120 елде әуе шарымен ұшып, рекордымызды аяқтауға бел будым. Алматыда мен ерекше жылулық пен қолдауды сезіндім. Бұл үшін ұйымдастырушыларға өте ризамын», - деп атап өтті Элли.
Бразилиядан келген Лаэс Луммертс үшін Қазақстан әуе шарымен ұшқан 12-ші ел болды. Ол 10 жасында алғаш рет жылу аэростатымен көкке көтерілген. 18 жасында нәзік жан ұшқыш лицензиясын алды.
«Бұл ұшу мені тәнті етті. Көріністер керемет, ал Алматының аспаны ғажайып. Мені жиі экстремалды ұшқыш деп атайды. Себебі мен қауіпті ұшуларды жақсы көремін. Бірақ бүгін барлығы тыныш және қауіпсіз өтті. Жаңа шарды, әсіресе жергілікті табиғат жағдайында басқару өте қызықты тәжірибе болды», - деп атап өтті Лайс.
Қарғалы кентінен аспанға біруақытта тағы 4 шар көтеріліп, керемет көрініс жасады.
«Біз Қазақстанның осындай жаһандық оқиғаның бір бөлігіне айналғанын мақтан тұтамыз. Бірегей ұшу кәсіби аэронавттардың біздің елге деген қызығушылығын көрсетеді. Әлемдік рекордқа қатысу арқылы Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін паш етеміз. Алматы облысы өзінің ерекше ландшафтымен және табиғи сұлулығымен әуе шарлары фестивалін өткізу үшін тамаша орын», - деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов.
Орталық Азия – спортшылар орнататын рекорд бағдарының соңғы кезеңі. Олар Қырғызстанға, Тәжікстанға және Өзбекстанға баруды жоспарлап отыр.