Ауқымды TBEX конференциясы ТМД ішінде алғаш рет Қазақстанда өтеді
Алматы 2026 жылы туризм бағытында креативті контент жасаушылардың Travel Bloggers Exchange (TBEX) ірі халықаралық конференциясын қабылдауға дайындалуда. Оған жалпы аудиторияны қамту деңгейі шамамен 300 млн адамды құрайтын 300-ден астам танымал сарапшы мен журналист, блогер-саяхатшы қатысады деп күтілуде. Жаһандық іс-шара елдің туристік әлеуетін және бірегей ұсыныстарды халықаралық туристік қауымдастыққа паш етуге мүмкіндік береді. Бұл туралы TBEX президенті Рик Калверт Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

ТМД елдерінің тарихында тұңғыш рет Қазақстанда маңызды халықаралық іс-шара өтеді. «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұйымдастырушыларға TBEX өткізуге алаңды ұсыну бойынша өтінім жолдап, іріктеу нәтижесінде ұйымдастырушылар Қазақстанды таңдаған.

Баспасөз конференциясы барысында TBEX бас директоры, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ және Алматы қаласы туризм бюросының өкілдері алдағы конференцияға дайындық, оның өңір үшін маңыздылығы және туристік нарыққа ашатын мүмкіндіктері туралы баяндады.
«Қазақстанды таңдауымыздың факторлары көп: табиғаттың сұлулығы, мәдениеті, тарихы, гастрономиясы. Біз мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен бірнеше жүздеген тревел-креаторларды жинаймыз. Олар әлеуметтік желілер мен басқа да медиа үшін ондаған мың материалдар әзірлейді. Біздің мақсатымыз - Қазақстанға көбірек келушілерді тарту және Kazakh Tourism ынтымақтасу», - деп атап өтті TBEX президенті Рик Калверт.

Маңызды оқиға еліміздің туристік әлеуетін халықаралық аренада ілгерілетудің бірегей мүмкіндігі болмақ. Конференция жергілікті кәсіпкерлерге шетелдік мамандармен, БАҚ өкілдерімен және контент әзірлеушілермен байланыс орнатуға жол ашады.

«ТВЕХ жетекші ұйымы әлемнің түкпір-түкпірінде конференциялар өткізіп, елдің мәдениеті, тарихы және гастрономиясы туралы әңгімелейді. Бұл Алматының және жалпы Қазақстанның туристік бағыт ретінде танымалдығын арттыруға, елімізге келетін саяхатшылардың артуына жол ашады. Әлемнің түкпір-түкпірінен тревел-блогерлер мен контент жасаушылардың туристік маусымнан тыс келуі Алматы экономикасына да оң әсерін тигізеді. Мұндай форматтағы іс-шараларды ұйымдастырушылардың өздері өз күшімен өткізетінін атап өткім келеді. Біз оларға әкімшілік қолдау көрсетеміз және туристік ұсыныстарды алға тартып, қалаларды туристік бағыт ретінде ілгерілетеміз», - деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даниэль Сержанұлы.

TBEX-2026 туристік нарықтың жаңа тенденцияларын, цифрлық медианың салаға әсерін талқылауға, сондай-ақ туризм индустриясының өкілдері мен саяхат контентін жасаушылар арасында тәжірибе алмасуға арналған бірегей алаң болады.

«Pew Research әлеуметтік зерттеуінің мәліметтері бойынша әлемдегі ересек адамдардың 11% саяхатты жоспарлау кезінде ықпалды тұлғалардың пікірлеріне назар аударады. Ал әлеуметтік желі қолданушыларының 53% әлеуметтік желідегі белгілі бір жазбаны көріп, шешім қабылдайды. Сондықтан Алматыда Travel Bloggers Exchange конференциясының өтуі ерекше маңызға ие және біздің қаланы халықаралық аренада туристік дестинация ретінде ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. ТВЕХ туристердің таңдауына және олардың саяхаттарына әсер ететін әлемдегі пікір көшбасшылары мен инфлюенсерлерді тоғыстырады. Бұл біздің қаланы MICE-туризм орталығы ретінде дамытудағы және жаңа аудиторияны тартудағы маңызды қадам», - деп атап өтті Алматы қаласы Туризм Бюросы департаментінің бас маманы Асхат Жанбосынов.

Айта кету керек, TBEX — туризм саласындағы кәсіби мамандар, тревел- блогерлер мен журналистер, контент жасаушылар үшін әлемдегі ең ірі конференциялардың бірі. TBEX 2009 жылы құрылып, бірден әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылардың тәжірибе алмасатын, туристік нарықтың жаңа тенденциялары мен стратегиялары талқылайтын жетекші іс-шараға айналды. Бұған дейін конференция Еуропада, Солтүстік Америкада және Азия-Тынық мұхиты аймағында өткізілген.
Достарыңызға айтыңыз: