Kazakh Tourism еліміздің әлеуетін Өзбекстандағы халықаралық форумда таныстырды
Өзбекстанда халықаралық Ферғана инвестициялық және туристік форумы өтті. Онда Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басшысы Қайрат Сәдуақасов еліміздің туристік әлеуетін таныстырды. Бұл туризм бағытында Қазақстан мен Өзбекстан арасында ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңіне айналып, бірлескен жобалар мен өңірлік туристік байланыстарды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қоқан қаласындағы халықаралық форум болашақ жобаларды талқылауға және үздік тәжірибелермен алмасуға бірегей платформа ұсынды. Оған билік өкілдері, бизнес және туризм саласындағы сарапшылар қатысты.

Форумның негізгі панельдік сессиясы «Орда» тарихи кешенінде, қаланың басты көрікті жері-Құдияр хан сарайында өтті. Панельдік талқылауға Kazakh Tourism басшысы, Ферғана облысы басшысының орынбасары, Еуропарламент депутаты және Греция парламентінің өкілі қатысты.br>
Қайрат Сәдуақасов туризм саласында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті: «Бір жыл ішінде біз этно-туризм, туыстарымен кездесу, шопинг, мәдени сапарлар және қажылық тәрізді себептермен Қазақстан шекарасынан өтетін 4 миллионға жуық өзбекстандық саяхатшыны қабылдаймыз. Сонымен қатар Еуропаға туристік ағынның төмендеуін ескерсек, бүкіл өңірде туризмнің өсімі үшін зор мүмкіндіктерді аңғарамыз. Бұл трафик Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстанға бағытталуы мүмкін».

Сондай-ақ, Kazakh Tourism басшысы геосаяси жағдай аясында туризмнің өңірлік динамикасы қарқынды өзгеріп жатқанын атап өтті. «Туристік назар Орталық Азияға қарай ығысуда және біз осы мүмкіндікті пайдаланып, әлемдік туристік нарықтағы жағдайымызды нығайтуға тиіспіз», - деп өз сөзін түйіндеді Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басшысы.

Ұйымдастырушылар форумның негізгі мақсаттарының бірі инвесторлар, сарапшылар және туристік сала өкілдері арасында одан әрі тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін берік іскерлік байланыстар құру екендігін атап өтті. Оның аясында «Қоқан» еркін экономикалық аймағының өнеркәсіптік нысандарымен және өңірдің экономикалық әлеуетін көрсететін «Made in Fergana» қолөнер тауарлары көрмесімен танысу да өткізілді.
Достарыңызға айтыңыз: