Шарын шатқалы әлемдегі үздік 20 каньонның қатарына енді

Шарын шатқалы әлемдегі үздік 20 каньонның қатарына енді

Шарын шатқалы The Worldworthy 100 – 2026 халықаралық рейтингінде 17-орынға ие болды. Аталған рейтингте әлемнің үздік 100 каньоны мен шатқалы анықталады. Сонымен қатар Шарын шатқалы Қазақстандағы нысандар арасында ең жоғары орынға ие болды.

Алматы облысында орналасқан Шарын шатқалы Шарын өзенінің бойымен 154 шақырымға созылып жатыр. Ол бірегей табиғи ландшафтары мен өңірдің биоалуантүрлілігін сақтау мақсатында құрылған Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына кіреді.

Рейтинг қорытындысы бойынша The Worldworthy 100 редакциясы ұлттық паркке лауреат сертификатын жолдады. Бұл құжат табиғи нысанның халықаралық деңгейде мойындалғанын растайды.

Worldworthy – әлемдегі үздік табиғи, мәдени және туристік нысандардың рейтингтерін жариялайтын тәуелсіз халықаралық басылым. Тізімдер саяхатшылардың пікірлері мен ұсыныстарына, туристік нұсқаулықтар мен БАҚ-тағы аталымдарға, сондай-ақ ашық деректерге негізделіп жасалады. 2026 жылғы каньондар мен шатқалдар рейтингіне 46 елдің 100 нысаны енді.


Достарыңызға айтыңыз: