Қазақстанның ұлттық тау гидтері мен көшбасшылары қауымдастығының (NAMGL) өкілдері Халықаралық тау көшбасшылары ұйымының — Union of International Mountain Leader Associations (UIMLA) — қорытынды ассамблеясына қатысты. Кездесу 2026 жылғы қарашада Словакияның Биік Татра таулы аймағында өтті.
Еске салсақ, Қазақстанның ұлттық тау гидтері мен көшбасшылары қауымдастығы — UIMLA құрамында еліміздің атынан өкілдік ететін ұйым. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан халықаралық деңгейде танылудың маңызды кезеңінен өтті: тау гидтері мен көшбасшыларын даярлауға арналған ұлттық білім беру бағдарламасын UIMLA ресми түрде мойындады. Қазіргі уақытта Қазақстан аспирант-ел (Aspirant Member) мәртебесінде және ұйымның толыққанды мүшелігіне өту рәсімін жалғастыруда.
Ассамблея жұмысына қатысу кәсіби тәжірибе алмасуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және қазақстандық таулардың туристік әлеуетін әлемдік аренада танытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Тау туризмі саласындағы екі жетекші әлемдік ұйымның бірі саналатын UIMLA кәсіби стандарттарды жетілдіру, қауіпсіздікті күшейту, мамандар даярлау және олардың халықаралық талаптарға сай біліктілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізеді.
NAMGL атап өткендей:
«Біз үшін бұл жай ғана халықаралық іс-шараға қатысу емес. Бұл — Қазақстанды таныту, өз тәжірибемізбен бөлісу, үздік халықаралық тәжірибелерді меңгеру және елімізде тау гиді мамандығын дамыту үшін жаңа перспективалар ашу мүмкіндігі».
Халықаралық ынтымақтастықтың келесі маңызды кезеңі — 2027 жылға жоспарланған UIMLA өкілдерінің Қазақстанға техникалық сапары болмақ. Сапар аясында тау көшбасшыларын жазғы және қысқы маусымдарға даярлау бағыты бойынша бағалау жұмыстары мен іс-шаралар өткізу көзделген.