Алматы BBC Travel нұсқасы бойынша 2027 жылғы саяхаттауға арналған әлемнің үздік 20 бағытының тізіміне енді

Алматы BBC Travel нұсқасы бойынша 2027 жылғы саяхаттауға арналған әлемнің үздік 20 бағытының тізіміне енді

Беделді британиялық BBC Travel басылымы Алматы қаласын жыл сайынғы «2027 жылы саяхаттауға арналған ең үздік 20 орын» (The 20 best places to travel in 2027) тізіміне қосты. Алматы Франциядағы Бургундия, Италиядағы Сардиния, Канададағы Альберта, Жапониядағы Исэ-Сима түбегі және Жаңа Зеландиядағы Крайстчерч сияқты әлемге әйгілі бағыттармен қатар осы жаһандық редакциялық іріктеуге енген Орталық Азиядағы жалғыз мегаполис атанды.

BBC Travel редакциясы жыл сайын саяхатшыларға шынайы тәжірибе, жаңаша мәдени көзқарас және жергілікті қауымдастықтар үшін тұрақты пайда әкелетін бағыттарды іріктейді. Алматыны «қар басқан таулар аясындағы өркендеген арт-сахнасы бар қала» ретінде сипаттаған басылым сарапшылары Іле Алатауының бөктеріндегі қала бүгінде саяхатшыларға заманауи өнер, көшпенділер мұрасы мен озық гастрономияның серпінді үйлесімін ұсынатынын атап өтті.

Басылым Орталық Азиядағы ірі заманауи өнер музейлерінің бірі Almaty Museum of Arts, сәулетші Асиф Ханның жобасы бойынша жаңартылған «Целинный» заманауи мәдениет орталығы мен қазақтың дәстүрлі қолөнерін жаңаша пайымдайтын жергілікті шеберлердің еңбегін ерекше атап өтті. Британдық журналистердің пікірінше, бұл алаңдар мен бастамалар аймақтың көшпелі бірегейлігін заманауи көркемдік тілде ашады. Бұдан бөлек, мақалада 2026 жылға арналған мәдени-туристік іс-шаралардың күнтізбесіне енген The Spirit of Tengri халықаралық заманауи этникалық музыка фестиваліне де назар аударылған. Басты гастрономиялық әсер ретінде BBC Travel Медеу шатқалындағы Auyl мейрамханасын ұсынып, тауларға көрініс ашылатын киіз үй пішініндегі сәулет пен авторлық дала асханасының үйлесімділігін ерекше атап өтеді.

Алматының осындай деңгейдегі әлемдік редакциялық тізімге енуі Қазақстанның халықаралық туристік нарықтағы тартымдылығының артып келе жатқанын растайды. Бүгінде шетелдік қонақтар табиғи ерекшеліктермен қатар қаладағы өнер, гастрономия мен заманауи инфрақұрылымға ерекше қызығушылық танытады, ал шығармашылық алаңдар мен табиғи ортаның жақындығы саяхатшыларға бір сапар аясында мәдени және табиғи бағыттарды қатар ұштастыруға мүмкіндік береді.


Достарыңызға айтыңыз: