2026 жылғы 26 қарашада Ыстанбұлда Қазақстан мен Түркияның туризм саласы өкілдерінің басын қосқан роуд-шоу өтті. Іс-шараны «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен Air Astana әуе компаниясы бірлесіп, Түркия туристік агенттіктер қауымдастығының (TÜRSAB) қолдауымен ұйымдастырды.
Шараға серіктестік байланыстарды нығайтуға және қазақстандық туристік өнімдерді Түркия нарығында ілгерілетуге ынталы 40-тан астам түрік туристік компаниясы мен 6 отандық туроператор қатысты.
Таныстырылым сессиясы барысында Kazakh Tourism Қазақстанның туристік әлеуетімен таныстырып, шетелдік саяхатшыларға арналған ұсыныстардың әралуандығына — табиғи және шытырман оқиғалы туризмнен бастап, мәдени-танымдық бағыттар мен қалалық демалысқа дейін ерекше назар аударды. Әуе қатынасына да жеке бөлім арналды: Air Astana және FlyArystan өкілдері екі ел арасындағы бағыттар желісін, жаңа рейстер мен қатынау мүмкіндіктерін таныстырды.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Түркия арасында аптасына 100-ге жуық тікелей рейс орындалады. Олар Қазақстанның 6 қаласын Түркияның 4 қаласымен 10 бағыт бойынша байланыстырады. Түрік саяхатшыларының Қазақстанға деген қызығушылығы да артып келеді. 2025 жылы еліміздің қонақүйлері мен өзге де орналастыру орындарында Түркияның 68 633 азаматы тіркелген. Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен (64 027 адам) салыстырғанда 7,2%-ға артық.
Таныстырылымдардың тәжірибелік жалғасы ретінде B2B-кездесулер ұйымдастырылды. Онда қазақстандық туроператорлар өз өнімдерін түрік агенттіктері мен туроператорларына тікелей таныстырып, ынтымақтастық шарттары мен Қазақстанды түрік туристеріне арналған бағдарламаларға енгізу перспективаларын талқылады.
Іс-шара қатысушылары арасында өткен жүлде ұтысы Қазақстанның туристік мүмкіндіктерімен жақынырақ танысуға қосымша серпін берді. Роуд-шоу серіктестері Air Astana және FlyArystan әуе компанияларының ұшақ билеттерін, сондай-ақ Rixos Water World Aktau және Dedeman Almaty қонақүйлерінде тегін тұру сертификаттарын табыстады.
Ыстанбұлдағы роуд-шоу 27 қарашада Hilton Istanbul Bosphorus Convention Center орталығында өткен Uzakrota Global Summit 2026 саммитіне қазақстандық делегацияның қатысуымен жалғасты.