Бүгін Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының жабылуына арналған форумның қатысушылары Kazakh Tourism және Димаш Құдайбергеннің бірлескен жобасының нәтижесін тамашалады. «Киелі мекенім» әніне түсірілген жаңа бейнебаян Қазақстанның бай табиғаты мен мәдениетін кең аудиторияға паш етеді.
Туған ел туралы патриоттық бейнебаян Қазақстанның көрікті жерлеріне назар аударады. Көрермендер көрнекті туристік орындарға визуалды саяхат жасай алады. Оның ішінде Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Ақмешіт үңгірі, Әзірет-Сұлтан мұражай-қорығы, Бозжыра шатқалы, Торыш алқабы тәрізді бірегей орындар бар. Видеода Бурабай, Катонқарағай, Алтын-Емел, Жоңғар-Алатау ұлттық парктерінің кадрлары да ұсынылған.
«Біз Димашқа елімізді шетелде дәріптеуге қосып жүрген баға жетпес үлесі үшін алғыс білдіреміз. Ол туризмнің алғашқы елшісі болып, әрбір қолайлы жағдайда шетелдік аудиторияны Қазақстанға келуге шақырады. Миллиондаған тыңдаушылар Димаштың шығармашылығы арқылы біздің елмен кеңінен танысады. Жаңа бейнебаян - Қазақстанның әдемі табиғаты мен бай мәдениетінің алуан түрлілігін көрсетуге деген ортақ ұмтылысымыздың нәтижесі. Біз әлемнің түкпір-түкпіріндегі Димаштың жанкүйерлері бірегей локациялардан шабыт алып, елімізді өздері үшін ашатынына сенімдіміз»,- деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов.
Жаңа «Киелі мекенім» бейнебаяны Димаштың ресми арналары мен аккаунттарында қолжетімді болады.
Айта кетейік, түсірілімге Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстары туризм басқармаларының, сондай-ақ «Visit Alatau» және «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталықтарының, «Capтас» орталығының, «Air Astana» және «FlyArystan» авиакомпанияларының, «Karavansaray Turkistan» кешенінің, «Visit Aktay» және «Іntegra Construction KZ» компанияларының қолдауымен өтті.