Астанадағы Backstreet Boys концерті: турпакеттерді қандай туроператорлар ұсынады?
3 қазақстандық туроператор танымал «Backstreet Boys» тобының елордалық концертіне туристік пакеттер ұсынатын болады.
Билеттердің бір бөлігін турпакеттер арқылы сату қажетті сервистерді бір кешенді ұсыныспен алуға мүмкіндік береді. Оның құрамына Астанадағы Backstreet Boys концертіне билет, қонақ үйге орналастыру, трансферлер, мәдени және экскурсиялық бағдарлама кіреді. Турпакеттерді «Touropertor Kompas» ЖШС, «Sanat» ЖШС, «Skyway LTD» ЖШС компанияларынан сатып алуға болады. Тиісті келісімді туриндустрия және Freedom холдингі өкілдері меморандуммен бекітіп, бұл Kazakh Tourism және Astana Concert арасында орнатылған серіктестіктің жалғасына айналды.
«Ынтымақтастық еліміздегі event туризмді дамытуға бағытталған. Өткен айда компаниямыздың жанынан әлемдік концерттерге туристік өнімдер әзірлеу және өткізу үшін жетекші туроператорлардың қатысуымен штаб құрылды. Мұндай тәжірибе ауқымды іс-шараларда кеңінен қолданылады. Қазақстанның басқа өңірлерінен және шетелдерден келген қонақтар концертке баруды саяхатпен және елдің көрікті жерлерімен танысумен үйлестіре алады», - деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
Дубай қаласында орналасқан компания халықаралық аудиторияға қосымша 1000 билет таратады. Бұл туралы меморандумға елордалық концерттің ұйымдастырушысы Astana Concert және «G Studio» креативті орталығы қол қойды.
«Мен көптеген елдерде, оның ішінде Еуропада, Америкада әлемдік жұлдыздардың концерттерінде болдым. Бүгінде Астана шақырып жатқан әртістердің ауқымымен тәнті етеді. Бұрын жанкүйерлер мұндай концерттерге Еуропа немесе Америкаға барса, енді аңызға айналған музыканттарды осында тыңдап-көріп қана қоймай, Қазақстанның мәдениетімен танысуға, дәмді тағамдардан дәм татуға және қазақ халқының қонақжайлылығын сезінуге мүмкіндік бар», - деді музыкалық продюсер, креативті орталықтың өкілі Георгий Юханов.
Атап өткен жөн, жылдың ең күтілетін музыкалық шараларының бірі 2025 жылғы 21 қыркүйекте «Астана Арена» стадионында өтеді.