22 қыркүйек күні «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясында Қазақстан халқының тілдері күніне орай қызметкерлер арасында танымдық Quiz ұйымдастырылды.
Quiz барысында қатысушылар қазақ тілінің тарихы мен ұлттық мәдениетке, салт-дәстүр мен әдебиетке қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін ортаға салды. Топтық формат қатысушылардың белсенділігін арттырып, өзара пікір алмасуға және бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді. Ойын қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталды.
Осындай бастамалар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, қоғам мүшелерінің ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Қазақстан халқының тілдері күні алғаш рет 1998 жылы атап өтілді. 2017 жылдан бастап бұл мереке ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне — 5 қыркүйекке белгіленді. Осы айтулы күнге орай елімізде жыл сайын ауқымды мәдени-ағартушылық іс-шаралар өтеді.