Бурабайда PikeMan жүзу жарысы және Aqbura Bay Trail-2 жүгіруі өтеді

30 және 31 шілдеде қазақстандық жүзу мен жүгіру әуесқойлары «Бурабай» ұлттық паркінде PikeMan жүзу жарысына және қиылысқан жерлермен өтетін жарыстар бойынша халықаралық жүгіру қауымдастығының (ITRA) тізіліміне енгізілген Aqbura Bay Trail-2 спорттық трейл жүгіру бәсекесіне қатысу үшін жиналады.

 

Әртүрлі деңгейдегі әуесқой жүзгіштердің жарысы Кіші Шабақты көлінде өтеді: жаңадан бастаушылар мен балалар үшін 1 шақырым, тәжірибелі спортшылар үшін 3 шақырым 800 метр.

 

Қазақстанның солтүстігіндегі көрікті жерлерімен өтетін трейль жүгіру екі қашықтықта өтеді: 12 км және 35 км. Қос жарысқа мыңнан астам спортшы тіркелді, олардың арасында Испания, Канада, АҚШ, Чехия, ОАР, Белоруссия, Украина, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия спортшылары, сондай-ақ ҚР барлық облыстарының спортшылары бар.

 

«Бұл іс-шара Академия жобаларына қатысушылар үшін де өз күштерін сынауға тамаша мүмкіндік. Біз бұл жүгірісті қолдадық, өйткені белсенді және салауатты өмір салтын таңдаған азаматтар жаңа Қазақстанның басты құндылықтары мен құрылысшыларына айналатынына сенімдіміз. Жүгіру мәдениетін дамыту және қолдау қажет, бұл жасына қарамастан бос уақытты өткізудің және жақсы дене бітімін сақтаудың тамаша тәсілі», - деді «Елбасы академиясы» КҚ директоры Амрин Асланбек.

 

Медальдарды мәреге жеткен барлық жүзушілер мен жүгірушілер алады.

 

«Жарысқа балалар, жастар және барлық жастағы әуесқой спортшылар қатысады. Іс-шараның негізгі мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық парктің туристік мүмкіндіктерін дамыту, «Leave no Trace» экологиялық тұжырымдамасына назар аудару. Жарысқа алыс және жақын шетелдерден бір мыңнан астам спортшы жиналады, ал мақсатты аудитория 100 000-нан астам адамды қамтиды. Бізді «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры, «Бурабай» ұлттық паркі, Ақмола облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы қолдады» - деп хабарлады жарыс директоры Павел Тенцер.

 

Kazakh Tourism ұлттық компаниясының хабарлауынша, осы жылдың 7 айында Бурабайдағы туристер саны шамамен 2 есеге өсіп, 550 мың адамды құрады.

«Бұл іс-шаралар Бурабайдағы бірден үш көрікті орынды қамтиды – бұл Кіші және Үлкен Шабақты, сондай-ақ Текекөл көлдері. Ауқымды спорттық шаралар туризммен, әсіресе жыл сайынғы негізде біріктірілгенде, ел үшін бұл ең үздік PR» - деп хабарлады Kazakh Tourism ұлттық компаниясының Басқарушы директоры Даниел Сержанұлы.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы іс-шараның ақпараттық серіктесі болып табылады.

Достарыңызға айтыңыз: