Өскеменнің креативті жолы: бірегей мәдениеттен тұрақты туризмге

Өскеменнің креативті жолы: бірегей мәдениеттен тұрақты туризмге

Өскемен қаласында «Креативті экономика және Қазақстандағы креативті туризм: ESG, тұрақты даму және UNESCO Creative Cities/Learning Cities желісіне жол» тақырыбында оқыту бағдарламасы мен стратегиялық дөңгелек үстел өтті.

Оған мемлекеттік мекемелер, бизнес, үкіметтік емес ұйымдар, шығармашылық сектор және білім беру мекемелері өкілдерін біріктіріп, өңірдің ЮНЕСКО-ның жаһандық желілеріне интеграциялануы жолындағы маңызды қадамға айналды.

«Біз жергілікті креативті әлеуетті зерттеуді бастауды, мамандарды даярлайтын академия ашуды және түрлі салаларды біріктіретін іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Өскемен мен Шығыс Қазақстанның бұл салада көшбасшы болуына барлық алғышарттар бар — бірегей табиғат, мәдени кодтар, өзіндік тарих пен бай дәстүрлер. Дәл осы аутенттілік тұрақты креативті туризм мен экономикалық өсудің негізі бола алады», — деп атап өтті Oskemen Creative директоры Аяжан Қайырханқызы.

Дөңгелек үстел бағдарламасы теориялық бөлімдерді, халықаралық кейстерді және практикалық тапсырмаларды қамтыды. Оған қатысушылар креативті экожүйе, мәдени және экологиялық туризм, жастарды тарту мен жергілікті бизнесті дамыту бағытындағы жобалық тұжырымдамаларын әзірледі.

«Креативті туризм — бұл жай ғана саяхат емес, бұл — өнер, дәстүр және тұрақтылық арқылы құндылықтар алмасуы мен мәдениет диалогы. Осы саладағы өңірлік бастамаларды жүйелі түрде қолдап отырған 'Kazakh Tourism' ұлттық компаниясына алғыс білдіремін. Осындай серіктестіктердің арқасында Қазақстандағы креативті туризм жаңа серпін алып, тұрақты дамуға жол ашуда», — деді Creative & Innovation Institute-тің теңқұрылтайшысы, креативті индустриялар мен тұрақты даму жөніндегі сарапшы Ирина Харитонова.

Іс-шара сондай-ақ Өскемен қаласының UNESCO Creative Cities және Learning Cities жаһандық желілеріне қосылуы жөніндегі өтінімді талқылау, сондай-ақ қаланы халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған жол картасын қалыптастыру алаңына айналды.


Достарыңызға айтыңыз: