Kazakh Tourism болгарлық кәсіпкерлерге инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырды
2024 жылы Қазақстанға Болгариядан келішулер қатары 13% артты. Шетелдік қонақтарға еліміздің табиғи және тарихи-мәдени мұрасымен қатар, әлемдік маңызы бар және адамзат тарихындағы алғашқы ғарыш айлағы Байқоңырды көруге мүмкіндік бар. Қазақстанның туристік әлеуеті «Қазақстан – Болгария» бизнес-форумында таныстырылды.
Қазақстан туризмі тұрақты өсімді көрсетіп, саяхатшылар үшін тартымды бола түсуде. Өткен жылы елімізге 15,3 миллион шетелдік мейман келді. Бұл - 2023 жылмен салыстырғанда 6,1 миллионға көп. Туристік салаға құйылған жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард АҚШ долларына жуықтап, 2023 жылғы көрсеткіштен 20%-ға артты.
Болгариялық бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесуде «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Алишер Тұрсын шетелдік инвесторлармен стратегиялық серіктестікке кеңінен тоқталды.
«Біз болгарлық инвесторларды қонақ үй девелопменті, курорттық аймақтар мен СПА кешендерін салу, сондай-ақ өзге де туристік бастамаларға қатысу мүмкіндіктерін қарастыруға шақырамыз. Елімізде ммлекеттік қолдау тетіктері де қарастырылған: орналастыру нысандарын салуға жұмсалған шығындардың 10%, тау шаңғысы курорттары мен туристік көлікке жұмсалған шығынның 25% өтеу, пайда, жер, мүлік салығынан және кедендік алымдардан босату секілді салықтық жеңілдіктер бар», — деді ол.
Форум Қазақстан мен Болгарияның іскерлік қауымдастықтары арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың басымдықтарын талқылауға арналған тиімді алаңға айналды.