Жамбыл облысында қонақ үйі бар жол бойындағы заманауи кешен ашылды
Жамбыл облысының Меркі ауданында заманауи форматтағы «Keruen Inn» деп аталатын жол бойындағы сервистік кешен жұмысын бастады. Ол «Алматы–Тараз–Шымкент» автожолы учаскесінде орналасқан және бір кеңістікте қонақ үйді, дәмхананы, сауда нүктесін, жанармай құю және қуаттау станцияларын біріктіреді. Бұл жаңа нысан - ірі жеке инвестициялық жоба аясында елімізде салынатын көпфункционалды кешендер желісінің алғашқысы.
Жол бойындағы «Keruen Inn» кешенінде саяхатшыларға 31 қонақ үй нөмірі, дәмхана, күзетілетін автотұрақ, кір жуу орны, жолға қажетті тауарлары бар сауда нүктесі, жанармай құю бекеті және электромобильдерге арналған қуаттау станциясы бар. Жол бойындағы нысан отбасылық туристерге, транзиттік жүргізушілерге және іскерлік сапармен жүрген жолаушыларға ыңғайлы болмақ.
Жаңа нысанның ашылуымен жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындары ұсынылды. Жобаның жүзеге асырылуы жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуда маңызды қадамға айналып, ішкі туристік бағыттардың тартымдылығын арттырады.
«Өткен жылы «Qazaq Oil» компаниясымен меморандумға қол қойып, еліміздің негізгі туристік және транзиттік бағыттары бойынша жол бойындағы кешендер желісін салу үшін локацияларға талдау жүргіздік. Жеке инвестициялар жол бойындағы инфрақұрылымды жаңғыртуда маңызды рөл атқарады. Бұл саяхатшыларға заманауи сервис пен жайлылықты қамтамасыз етумен қатар өңірлердің экономикасына ықпал етеді», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
Кешеннің Жамбыл облысында ашылуы – «Qazaq Oil» ЖШС ауқымды жобасының бастамасы. Компания 2029 жылға дейін елдің негізгі туристік және транзиттік баыттарында 60 нысан салуға ниетті. Инвестициялардың жалпы көлемі 120 миллиард теңгені құрайды.
«Біз үшін тек жанармай құю бекеттерін ғана емес, ыңғайлы сапар үшін толыққанды инфрақұрылым қалыптастыру маңызды. Үнемі өнім сапасына, жоғары деңгейдегі сервиске және клиенттер үшін ыңғайлылықты басты орынға қоямыз. Қонақ үйдің ашылуы - 6 жылдан бері дамытып келе жатқан жол бойындағы сервистің заңды жалғасы. Біз әрбір жаңа қадаммен Қазақстандағы әр сапарды жайлы, қауіпсіз және шабыттандыратын ету деген басты мақсатымызға жақындай түсеміз», – деді Qazaq Oil компаниясының бас директоры Төлеміс Шотанов.
Биыл инвестор Қазақстанның басқа өңірлерінде жол бойында осындай тағы 4 кешенді іске қосуды жоспарлап отыр.