«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Қазақстанның мақсатты нарықтарында танымал онлайн-турагенттіктерде (OTA) ұсынылған негізгі турөнімдерді зерттеуді аяқтады. Бұл жұмыс 2023 жылы жүргізілген зерттеудің жалғасы болып табылады, және турлардың динамикасын, географиясын, түрлерін бағалауға, сондай-ақ жаңа даму перспективаларын анықтауға мүмкіндік берді. Зерттеу бес негізгі нарықты қамтыды: Ресей және ТМД елдері, Қытай, Еуропа, Оңтүстік Корея және Жапония. Талдау барысында қонақүйлерге емес, турлар сатуға маманданған платформалар қарастырылды.
Қазақстан бойынша турлар аталған елдерде танымал 13 OTA платформасынан анықталды, оның ішінде Еуропалық аудиторияға бағытталған Booking, Expedia, Viator және GetYourGuide сайттары; Қытай нарығында – Ctrip, qunar.com және LY.com; Оңтүстік Кореяда – MyRealTrip, Klook және Privia Travel; Парсы шығанағы елдерінде – GoMosafer, My Holidays және Go Cozmo платформалары.
Зерттеу нәтижесінде 962 тур жинақталды. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда шамамен үш есе көп. Турлардың географиялық талдауына келсек, ең көп ұсыныстар Алматы қаласы және Алматы облысына тиесілі екені анықталды: барлық табылған турлардың 59%-ы осы өңірлерде өткізіледі; ал үшінші орында Астана қаласы. Сонымен қатар, бірнеше өңірді қамтитын турлардың айтарлықтай өскені байқалады: мұндай өнімдердің саны 2023 жылмен салыстырғанда шамамен жеті есе артқан. Бұл - шетелдік аудиторияның ұзақ әрі мазмұны бай маршруттарға қызығушылығының өскенін, сондай-ақ бағыттарды біріктіру үрдісінің күшейгенін көрсетеді.
Турлардың мазмұны 4Е концепциясына сәйкес талданды. Ұсынылған өнімдердің шамамен жартысын экологиялық-белсенді турлар құрайды, бұл – табиғи нысандар мен белсенді демалысқа жоғары сұраныс болуына байланысты. Қалалық турлар жалпы ұсыныстың шамамен бестен бір бөлігін құрайды, ал этно-мәдени және тарихи бағыттар одан кейінгі орында. 2023 жылмен салыстырғанда этнотурлар үлесінің өскені байқалады. Ұсыныстардың төрттен бірі – аралас турлар, бұл – туристердің бір маршрут ішінде бірнеше тәжірибені үйлестіруге ұмтылатынын көрсетеді. Барлық турлардың шамамен 15%-ы трансшекаралық болып табылады, яғни Орталық Азиядағы «multi-country» форматындағы маршруттардың өзектілігін дәлелдейді.
Әр мақсатты нарық бойынша айқын ерекшеліктер байқалды. Еуропалық туристер экологиялық-белсенді, этно-мәдени және қалалық турларды көбірек таңдайды. Қытайлық саяхатшылар трансшекаралық және аралас турларға айрықша қызығушылық танытады: мысалы, Ctrip платформасында табылған турлардың жартысына жуығы бірнеше елге сапарды қамтиды. Оңтүстік Кореядан келетін туристер экологиялық-белсенді бағыттарды және мазмұны жағынан аралас бағдарламаларды жиі таңдайды. Парсы шығанағы елдерінің саяхатшылары негізінен эко- және этно-туризм элементтері қосылған қалалық турларға басымдық береді, бұл – олардың қысқа сапарларды таңдап, жайлылыққа жоғары талап қоятынымен түсіндіріледі.
Зерттеу нәтижелері халықаралық интернет-платформаларда Қазақстанға саяхаттау өнімдерінің айтарлықтай кеңейгенін көрсетеді. Мақсатты нарықтардағы танымал интернет-платформаларда турөнімдердің ұсынылу деңгейін талдау туроператорларға өсу мүмкіндіктерін, сұраныс құрылымын және басым бағыттарды жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді. Ұсынымдарды ескере отырып, отандық туроператорлар өз стратегияларын әлемдік нарықта одан әрі жетілдіре алады.
Толық мәліметтер, кестелер мен әдістемелік түсіндірмелер берілген есептің толық нұсқасымен мына сілтеме арқылы танысуға болады:
https://docs.google.com/document/d/1MQnTexaErIUizG2WpTekGehnTz09ojNU/edit?usp=sharing&ouid=111683261194721072549&rtpof=true&sd=true