Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) мемлекеттері басшыларының сапары аясында «Аваза» ұлттық туристиктік аймағында ауқымды ұлттық тағамдар фестивалі өтті. Ресми іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ТМД елдерінің көшбасшылары қатысты.
Қазақстан павильоны еліміздің табиғи аймақтары бойынша қызықты гастрономиялық саяхат форматында әзірленді. Мұндағы негізгі идея — қонақжайлылықтың, жомарттық пен халық бірлігінің символы саналатын дастархан болды. Экспозиция табиғи ландшафты, дәстүрлі дәмдердің философиясы мен заманауи бағытты өзара үйлестірді: Сарыарқаның шексіз астық алқаптары мен молшылықтың басты символы — бауырсақтардан бастап, ет тағамдары (бешбармақ, сірне, қазақ еті) ұсынылған көркем жайлауларды, аты аңызға айналған алматы апорты өскен Іле Алатауының бөктерін және солтүстіктің маржаны — Бурабайды қамтыды.
Сонымен қатар, Каспийдің теңіз дастарханы ерекше орын алды: мұнда бренд-шеф «Пятиминутка» уылдырығын экспресс-тәсілмен тұздау бойынша аспаздық шоу көрсетіп, балық деликатестері мен фишбармақты ұсынды. Павильонның соңғы бөлігі тарихи мұрадан болашақ технологияларына бағыт алған жолды көрсететін «Цифровой Казахстан» және Alatau City презентациясымен түйінделді.
Гастрономиялық фестиваль шеңберінде Kazakh Tourism ұлттық асхананы халықаралық жоғары деңгейде таныстыру жұмыстарын үйлестірді. Отандық қонақжайлылық саласының жетекші өкілдері — «Sandyq» этно-ресторан-музейі мен авторлық қазақ асханасы бағытындағы «Qazaq Gourmet» рестораны өздерінің таңдаулы тағамдарын ұсынды.
Сондай-ақ Kazakh Tourism бастамасымен және Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен іс-шара алаңында халқымыздың мақтанышы әрі ұлттық символы — жүйрік тазылар мен бүркітшілер таныстырылды. Бұл көшпенділер мәдениетінің сабақтастығы мен ата дәстүрдің берік сақталғанын айқын көрсетті.
Мұндай деңгейдегі іс-шараларға қатысу Қазақстанның халықаралық беделін нығайту үшін стратегиялық маңызға ие. Еліміздің туристік, мәдени және гастрономиялық әлеуетін ТМД мемлекеттерінің бірінші басшыларына тікелей таныстыру Қазақстанның әлемдік аренадағы танымалдығын арттыруға және оны Орталық Азиядағы жетекші гастротуризм орталықтарының бірі ретінде орнықтыруға ықпал етеді.