Michelin таныған эстониялық шеф-аспаздар Maitserännak гастрономиялық шоуында Қазақстанды таныстырды

Michelin таныған эстониялық шеф-аспаздар Maitserännak гастрономиялық шоуында Қазақстанды таныстырды
Эстонияда Қазақстанға арналған «Maitserännak» («Дәм сапары») телебағдарламасының алғашқы бөлімі эфирге шықты. Бағдарлама жүргізушілері көрермендерді еліміздің табиғатымен, мәдениетімен және ұлттық тағамдарымен таныстырды. Жалпы Қазақстанға екі бөлім арнау жоспарланған.

Маңғыстау облысында түсірілім тобы Бозжыра шатқалына бара қоймай, бекіре балығынан қара уылдырық алу үдерісімен де танысты. Сондай-ақ түйе сүтінен дайындалатын дәстүрлі сусын — шұбат әзірлеуге қатысты.

Астанада бағдарлама жүргізушілерінің бірі, бас аспаз Роман Защеринский таңғы телебағдарламаға қатысып, Эстониядан арнайы әкелінген итбалық етінен эстон асханасына тән таңғы ас дайындады.

Алматыда түсірілім тобы жүзімдік пен әйгілі «Жасыл базарға» барып, жергілікті өнімдермен және қаланың гастрономиялық ерекшеліктерімен танысты. Сонымен қатар бағдарлама жүргізушілері танымал қазақстандық каскадер Ерден Телемісовпен кездесіп, оның шабандоздық өнерін тамашалады.

«Бурабай» ұлттық паркінде бағдарлама жүргізушілері қазақтың дәстүрлі тағамдарымен танысты. Олар жылқы етінен бешбармақ дайындап, қымыздың қалай әзірленетінін көріп қайтты.

Жобаның режиссері — халықаралық марапаттардың иегері Айво Спечёнок. Оның марапаттары қатарында Грузиядағы Golden Eye сыйлығы және Мексиканың Гуанахуато қаласында өткен кинофестивальдің арнайы жүлдесі бар.

Бағдарлама жүргізушілерінің бірі — эстондық бас аспаз әрі ресторатор Роман Защеринский. Оның мейрамханалары Michelin гидіне бірнеше рет енген. Ол Жапония императорына, Дания патшайымына және жоғары лауазымды мемлекет қайраткерлеріне арнап дастархан жайған. Эстонияның аспаздық өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Ақ Жұлдыз орденімен марапатталған.

Екінші жүргізуші — бас аспаз, фотограф әрі саяхат тақырыбындағы контент жасаушы Никита Цуниххин. Ол гастрономия мен саяхат арқылы көрермендерді түрлі елдердің мәдениетімен таныстырады.

«Maitserännak» — Эстониядағы танымал танымдық-ойын-сауық бағдарламасы. Өткен жылы жоба ETV+ телеарнасындағы ең жоғары рейтингке ие шоу атанды. Бағдарламаның жаңа маусымы ETV және ETV+ телеарналарында көрсетілуде. Бұл арналардың жалпы аудиториясы 1 миллион көрерменнен асады.

Бағдарламаның алғашқы шығарылымы эфирге шықты, ал Қазақстан туралы екінші шығарылым осы сенбіде көрерменге жол табады.


Достарыңызға айтыңыз: